Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Елбасы кітапханасынан — университетке

Елбасы кітапханасынан — университетке

 ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы — «ҚР Тұңғыш  Президенті — Елбасы кітапханасы» ММ директоры міндетін атқарушы Махмұд Қасымбеков Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорлық құрамы және білім алушы жастарымен кездесті.

Кездесу барысында аталған жоғары оқу орнының кітапханасына Елбасы кітапханасының 350-ден астам кітабы сыйға тартылды. Олардың ішінде Н.Ә.Назарбаевтың еңбектері, ҚР Тұңғыш  Президентінің 1990-2016  жылдар арасындағы қызметінің хроникалары, Мемлекет басшысының ресми өмірбаяны, қазақстандық және шетелдік авторлардың Елбасы туралы кітаптары, қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени тақырыптардағы өзекті әдебиеттер бар.

Бұл игілікті шара ҚР Тұңғыш  Президенті — Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрме жобасы аясында өтті. Оған ауқымды ғылыми-білім беру, сонымен қатар Ақтөбе облысы бойынша көшпелі экскурсиялар кіреді.

— Жоба 2017 жылы қараша айында Алматыда бастау алды, кейін өз жұмысын осы жылдың ақпан айында Шымкентте жалғастырды. Қыркүйек айында Атырауда табысты өтті. Көрмемен барлығы 350 мыңнан астам  адам танысты. Біз экспозицияларды толықтырып, Ақтөбеге келдік, мұнда мен 85 жылдық тарихы бар, еліміздегі беделді университетке соқпай кете алмадым. Мұнда студенттердің сапалы білім мен жақсы тәрбие алулары үшін барлық жағдай жасалғанын көріп тұрмын, тіпті жатақхана мәселесі де оңды шешілгені байқалады, — деді кездесуде Махмұд Қасымбеков.

Махмұд Базарқұлұлы Елбасы кітаптарының шетелдерде — Германияда, Венгрияда, Қытайда, Кореяда, тағы да басқа елдерде таныстырылымы жоғары деңгейде өткенін айтты. Кездесуге қатысушылар Елбасы кітапханасының құрылымы, ондағы кітаптардың жазылу тарихы жөнінде сауалдар қойып, нақты жауап алды. Сондай-ақ студенттер ортасында «Елін сүйген, елі сүйген — Елбасы», «Қазақстандық жол», «Нұрсұлтан Назарбаев: Өмірбаян» кітаптарының негізгі идеясы турасында әсерлі әңгіме өрбіді.

Бұған дейінгі көшпелі көрме барысында халықаралық конференция, бірнеше тақырыптарда семинар-тренингтер ұйымдастырылған. Осындай шаралар Ақтөбеде де жалғасын таппақшы.

Кездесуде сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұл шараның өскелең жастар үшін тағылымдық-тәлімдік мәні зор екенін атап көрсетіп, Елбасы кітапханасының ұсынылып отырған сыйы студенттерге Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасу, өсу-өркендеу жолдарынан, Елбасы өмірінен мол мағлұмат беретінін айтты. Сонымен бірге Ақтөбедегі жергілікті жоғары оқу орындарындағы студенттерге білім беру, олардың әлеуметтік жағдайларын көтеру жөнінде хабардар етті. Диплом алып шыққан жас мамандардың 76 пайызы жұмыспен қамтылып отырғаны айтылды.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков жоғары оқу орны ұжымы атынан Елбасы кітапханасы басшылығына алғыс сезімін білдірді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ

http://www.aktobegazeti.kz/?p=70902