Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Бүгін университет ректорына Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы М.Қасымбековтың Алғыс хаты табысталды

Бүгін университет ректорына Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы М.Қасымбековтың Алғыс хаты табысталды

Ақтөбе өңірінде өтіп жатқан ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасының  «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам»көшпелі көрме жобасының аясында өткізілген орасан зор мәдени-ағартушылық және әлеуметтік-саяси маңызы бар іс-шараларды ұйымдастыруға белсенді атсалысқаны үшін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембековке бүгін  Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұт Базарқұлұлы Қасымбековтің Алғыс хаты табысталды.

Оны табыстаған ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы директорының бірінші орынбасары   Әмірхан Рахымжанов «Мемлекетіміздің дара жолы – «Қазақстан жолының» мән-мағынасын, Елбасының мемлекеттілікті нығайтудағы, ұлт рухын жаңғыртудағы қажырлы еңбегін барша қазақстандықтардың жүрегіне жеткізуге елеулі үлес қостыңыз деп білеміз, Отанымыздың өркендеуі жолында әлі де талай игі істерді атқаратыныңызға кәміл сенеміз» деген Алғыс хатта Бауыржан Ердембековке бағышталған сөздерді оқи тұрып, ректорға және университеттің профессор-оқытушы құрамына, қызметкерлері мен білім алушыларына алдағы күндерге табыстар тіледі.

Сондай-ақ ол жоғары орны басшысына М.Қасымбековтің «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян.» кітабы мен  Назарбаев орталығының иллюстрациялық альбом-кітабын сыйлады. Алғыс хат табыстау рәсіміне Л.Гумилев атындағы ЕҰУ «Рухани жаңғыру» институтының директоры Ерлан Арын, қоғам қайраткері Серік Ботағарин,  М.Оспанов атындағы БММУ ректоры Ербол Бекмұхамбетов, ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының бастығы Сәлімгерей Қаракүшев тағы басқа өкілдер қатысты.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасының  «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам»көшпелі көрме жобасының Ақтөбедегі таныстырылымы күндері  барысында Жұбанов университетінде әлемдік деңгейдегі саясаткер Н.Ә.Назарбаевтың жоғары беделінің нәтижесі болып табылатын Қазақстанның сыртқы саясат стратегиясына арналған Елбасының Жеке кітапханасының жинақтарынан тұратын «Әлем таныған Елбасы» атты суреттелген кітап көрмесінің ашылуы,  өңірдің сараптау-талдамалық қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен «Нұрсұлтан Назарбаев – мемлекеттік құрылыстың қазақстандық моделінің негізін қалаушы» атты дөңгелек үстел,   сарапшылар қауымдастығының,   жақын және алыс шетел ғалымдарының, өңірдің белсенді жастарының қатысуымен «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың стратегиясы – өңірлік дамудың драйвері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткізілген болатын.

Ал барлық шаралар басында көрменің ашылу салтанатына Ақтөбеге келген Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорлық құрамы және студент жастарымен кездескен болатын. Кездесуге облыс әкімі Бердыбек Сапарбаев қатысты. Сол күні университеттің ғылыми кітапхансында Тұңғыш Президент атындағы электронды оқырман залы өз жұмысын бастады.


Гүлнара ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ