Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жастар саясаты > Ақтөбеде тұңғыш «Шырқа гитара – 2018» студенттік әндер фестивалі өтті

Ақтөбеде тұңғыш «Шырқа гитара – 2018» студенттік әндер фестивалі өтті

Бүгін Жұбанов университетінің Студенттер сарайының сахнасында алғаш рет облыстық «Шырқа гитара – 2018» студенттік әндер фестивалі өтті. Жұбанов университетінің әлеуметтік мәселелер және жастар ісі жөніндегі департаменті, «Бейнелеу өнері, кәсіптік және музыкалық білім» кафедрасының профессор-оқытушылық құрамымен біргелікте ұйымдастырған аталмыш шараға Ақтөбе қаласының жоғары оқу орындарының өнерпаз студенттері қатысты. Ән фестивалі Халықаралық студенттер күні қарсаңында Астана қаласының 20-жылдығы және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында арнайы ұйымдастырылған болатын.

Шараның басты міндеті – студенттік әндер жанрын дамыту, жастардың мәдени және рухани дәрежесін көтеру, Ақтөбе қаласының оқу орындары арасындағы қарым-қатынасты дамыту, интернационалды идеяларды дәріптеу, жастар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту.

Шараның ашылу салтанатында алғашқы сөз фестивалдің басты ұйымдастырушысы, Жұбанов университетінің әлеуметтік мәселелер мен жастар ісі жөніндегі департамент директоры Қарлығаш Сатыбалдинаға берілді. Ол студенттерді мерекелерімен құттықтай отырып, бүгін бастау алып отырған шара жыл сайын өткізіліп отыратындығы туралы хабарлады.

Фестиваль қорытындысы бойынша «Заманауи ән» және «Авторлық ән» номинацияларында Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ мен Т.Бегелдинов атындағы ӘҚКӘИ-ң өнерпаздары үздік деп танылса, «Патриоттық ән» және «Ретро ән» номинациясында М.Оспанов атындағы БҚММУ мен М.Бөкенбаев атындағы заң институтының өнерлі жастары алда болды.

Жастардың өнерін бағалаған әділқазылар қатарында Ақтөбе қалалық Жастар ресурсы орталығының басшысы, ҚР үкіметінің «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Жандос Табылғанов, Жұбанов университетінің әлеуметтік мәселелер және жастар ісі жөніндегі департамент директоры Қарлығаш Сатыбалдина, ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының тәрбие жұмысы бөлімінің инспекторы, полиция капитаны Зарина Мухангалиева және М.Оспанов атындағы БҚММУ жастар саясаты бөлімінің маманы Ақмарал Смағұловалар болды. Барлық қазылар алқасының мүшелеріне фестивальді ұйымдастыруға ат салысқаны үшін Жұбанов университетінің ректоры Б.Ердембеков атынан арнайы Алғыс хаттар табысталды.

Жеңімпаздар номинациялар бойынша дипломдарға және фестиваль демеушілері – «Менің таңдауым Ақтөбе» қоғамдық бірлестігі және Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы атынан сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ жеңімпаз қатарынан табылмаған барлық қатысушылар да Алғыс хаттармен марапатталды.

Ажаргүл КУНАРОВА