Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Тарих пен таным

Тарих пен таным

«Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» дейді ұлы Абай. Бұл — ғалымы санаулы заманда айтылған сөз. Дегенмен, осы ғибратты теңеу бүгінгі күні де мағынасын жойған жоқ.

Тарих ғылымы саласында біраз жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан Ұзақбай Исмағұловтың еңбек жолына үңіліп, оның азаматтық келбеті туралы пайымдағанымызда осы ойымызға табан тірей түскеніміз анық.

Бүгінде Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің тарих факультетінің кафедра меңгерушісі болып қызмет атқаратын оның ұстаздық және ғылыми ізденістері ел игілігіне пайдасын тигізіп келеді. Оны замандастары білікті тарихшы, сондай-ақ ұлағатты ұстаз деп біледі. Алдынан жүздеген шәкірт  өткерген, жас буынға жақсы жол көрсетіп, ағалық ақыл-кеңесін үнемі айтып жүретін Ұзақбай Шәукерұлының есімі бүгінде ақтөбелік ғалымдар ортасынан айқын танылады.

Әдетте үлкен жолдың бастауы болады. Оның мектеп қабырғасында жүрген кезден-ақ тарих, қазақ тілі мен әдебиеті пәндеріне ықыласы зор болған. Аталған пәндердің ішінде математикалық есептердің болмағандығынан емес, кішкентайынан ауыз әдебиетіне, өткеннің өнегесіне құштарлығынан болар.

Темір ауданының «Қайыңды» кеңшарындағы Абай атындағы орта мектепте тарих пәнінен тәлім берген ұстазы Аманкелді Бақаевты ризашылықпен айтып отырады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндеріне құштарлығының оянуында Ақтөбе облыстық мектеп-интернатында сол пәндерден сабақ берген Хамзе Саламатованың орны ерекше.

Жалпы, мектеп-интернатты қазірде де үлкен толқыныспен еске алады. Өйткені алыс ауылдың баласы үшін мұнда өнер-білімге кең жол ашылған. Әсіресе, Қатима Қалбеева

Бақтылы Кенжебаева, Лиза Сұлтанова, Қансұлу Мыңсейітова апайлары бастапқыда үйін сағынып жүрген жасөспірімді бауырына тартып, аналық мейіріміне бөлегені ұмытылар ма?

Оның жоғары білім алуға ұмтылысы күшті болғанымен, көпке дейін студенттер қатарына қосылудың сәті түспеді. Сол аралықта Мәскеу түбіндегі әскери бөлімде азаматтық борышын өтеп те қайтады, қара жұмыс та атқарады. Бірақ бос уақытында қолынан кітабын тастамай, дайындала береді. Ақырында Гурьев педагогика институтына қабылданады. Бірден үздіктер қатарынан көрінеді. Белсенді жастың қабілет-қарымын ұстаздары да байқап, оған сенім артады.

Гурьев педагогикалық институты тарих-филология факультетінің тарих және кеңестік құқық мамандығының студенті атанған оның үздік оқыған еңбегі бағаланып, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне ауыстырылуы оны ғылым жолына жақындататын желі іспетті болғаны айқын.

Ғылым жолының инемен құдық қазғандай екені ақиқат. Оның қиын екендігін Ұзекең талай рет бастан кешірді. Бірақ оған енді шегінетін жер жоқ еді. Сондықтан да ұдайы алға ұмтылумен келеді.

Жоғары оқу орнын бітірген соң араға төрт жыл салып өзі түлеп ұшқан университетке стажер-зерттеуші болып оралды. 1995 жылы осы оқу орны  жанындағы мамандандырылған ғылыми кеңесте тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбу Тәкеновтың жетекшілігімен «Батыс Қазақстандағы жер мәселесі (1900-1917 жж.)» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. Ғылым жолында шәкіртіне сәт сапар тілеген Әбу Сақтағанұлы алдағы уақытта да осы бағыттағы ізденістерін тереңдете беру қажеттігін айтты. Араға он бес жылдай уақыт салып жас ғалым тағы бір жетістікке қол жеткізді.  Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ғылыми кеңесінде «Қазақстандағы жер мәселесі (1917-1940 жж.)» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Бұл жолғы ғылыми кеңесшісі  тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев болатын.

Сонымен, Ұзақбай Шаукерұлы ғалым ретінде қандай асуларды бағындырды? 2001 жылы Ақтөбеден жарық көрген «Қазақстан тарихы» дәрістер жинағына бірнеше ғылыми еңбектері енді. «Қазақстан тарихынан оқу-әдістемелік кешен», «Батыс Қазақстандағы аграрлық қозғалыстар (1900-1917жж.)», «Ақтөбе өңіріндегі отаршыл жер саясаты (1900-1917 жж.)», «Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы пәнінен дәрістер жинағы», «Патшалық Ресейдің Қазақстандағы жер саясаты» сияқты қомақты дүниелерде тарихшының күн мен түнді ұластырып, тынымсыз еңбектенуінің жемісі жатқандығын батыл айтуға болады.

Ол «Мәдени мұра» аясында Батыс Қазақстан тарихы бойынша 2 томдық зерттеу еңбегінің аграрлық мәселе тарауын жазуға қатысты, «Ресейдің Батыс Қазақстандағы жер саясаты (1869-1917 жж.)», «Кеңестік биліктің Қазақстандағы жер саясаты (1917-1940 жж.)» атты монографиялары жарыққа шықты.

Жалпы алғанда, Ұзекең — 100-ден аса түрлі  ғылыми және  оқу-әдістемелік  мақалалардың, сондай-ақ  7 оқу-әдістемелік мазмұндағы  еңбектің және 2 монографияның авторы. Ұзақбай Исмағұловтың ғылыми мақалалары республиканың белді ғылыми журналдарында, Ресей, Германия, Белоруссия, Қырғызстан сияқты алыс-жақын шетел басылымдарында жарық көрді. Сондай-ақ ол «Қазақ тарихы» республикалық ғылыми-әдістемелік журналының ақылдастар алқасының мүшесі болып табылады.

Кафедра меңгерушісі қызметіндегі жетістіктері үшін Ұзекең екі рет университетте «Жылдың үздік кафедра меңгерушісі» атағына ие болды. Осыдан жиырма жылдай уақыт бұрын тарих факультетінде деканның орынбасары, декан қызметтерін атқарғаны бүгінде тарихқа айналған.

2004-2010 жылдар аралығында ол басқаратын кафедраның  мүшелері арасынан 2 кандидаттық, 1 докторлық диссертация дайындалды және абыроймен қорғалды.

Ұзақбайдың әдебиетке, жалпы өлең жазуға құштарлығы мектепте оқып жүрген кезінен басталған. Әріден тартсақ, Темір ауданында ұлы ақын Абай атындағы мектепте оқуы да сөз өнеріне құмарлығын оятқан болар бәлкім. Одан берірек келсек, өзінен бірер сынып жоғары оқыған ағалары Ертай Ашықбаев пен Мырзабек Бақытовтың сол кезде өлеңдері аудандық, облыстық газетте жарияланып жатуы да әсерін тигізгені сөзсіз. Алайда Ұзақбай үшін сол кезде әлгі екі ағасы редакторлық жасайтын қабырға газетіне өлеңін шығарудың өзі үлкен күшке түскен сияқты. Бірақ ол өлеңге қызығушылығын бәрінен де жоғары қойды. Соның айғағы іспетті, сол балаң шағында Қадыр Мырзалиевтің «Күміс қоңырау» деген жыр жинағын жастанып оқитынын бүгінде жымиып отырып еске алады.

Оның поэзияға деген ыстық ықыласы тарихшылығына зиянын тигізген жоқ. Қайта инемен құдық қазғандай ізденістен шаршағанында бір сәт өлең кітаптарын қолға алса, тыныстап, демалып қалатыны бар. Оның үстіне өзінің жазған өлеңдері де әлдеқалай ойға оралатыны бар. Сөз танитындар мүның кезінде «Коммунизм жолы» (қазіргі «Ақтөбе») газетінде жарияланған бір өлеңінің:

Білсемші, шіркін, ерте мен,

Өмір-ай, қандай ғажапсың!

Кешегі тентек еркеден

Салмақты жігіт жасапсың, — деп келетін шумағын жатқа айтып бергенде өткен күндердің кей сәулелі шақтары санасына сәуле төсіп өтеді. Одан бері де талай уақыт өтті ғой…

«Адамдармен қарым-қатыста жайлылығы бір бөлек. Университет бітіріп жұмыс жасап жүрген кезімізде кафедра басшысы болып бір ұрсып, зекіп, бұйырып, беттен алып сөйлегенін көрмеппін. Барлығын қазақы қалыптан айнымай, байыппен түсіндіріп, астарлап сөйлеп мәселені шешетін шеберлігі бар», — деген Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Қонысбай Рахбаев айтқан пікір өнегелі ұстаздың бір қырын ашса керек.

…Бір кездері өзінің балаң шағы өткен Шибұлақ ауылын жағалап ағатын Ойыл өзенінің жағасында қиялға беріліп, асқақ армандарына ой жүгіртіп отыратын Ұзақбай атты бала бүгінде алпыстың асуына келіп те қалыпты.

Балалықтың ауылы енді алыстап кеткен. Бүгінде ол — ғылым докторы, профессор, танымал тарихшы. Бірақ сол бір аяулы шақтарын үнемі ойға оралтып отырады. Бәлкім, оны бүгінгі биіктерге жеткізген де сол балаң шақтағы ілгері ұмтылыстары шығар.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ

http://www.aktobegazeti.kz/?p=71057