Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университеттің кәсіби бағдар беру тобы аудан оқушыларымен кездесуін жалғастыруда

Университеттің кәсіби бағдар беру тобы аудан оқушыларымен кездесуін жалғастыруда

2018 жылдың қазан айында Жұбанов университетінің кәсіби бағдар тобы облыс аудандарының оқушыларымен кездесулерін бастаған болатын. Осылайша олар Ырғыз, Әйтеке би, Ойыл, Хромтау, Темір, Байғанин және Шалқар аудандарында болып қайтты.

Кәсіби бағдар жұмыстары барысында ұйымдастырылған кездесулерге 9-11 сынып оқушылары және олардың ата-аналары қатысты. Университет оқытушыларынан құралған жұмыс тобы сұрақтарға жауап беріп қана қоймай, университет туралы толық ақпарат таратуда. Мысалы, кәсіби бағдар беру бөлімінің басшысы Жәмила Идиева Шалқар ауданында өткен басқосуда кәсіби бағдар берудің жаңа бағыттары туралы семинар өткізді. Семинарға мектеп директорлары мен 70-тен астам болашақ түлектердің ата-аналары қатысты. Ал, кездесуде Жайнагүл Қартбаева талапкерлердің қабілеттерін анықтау мақсатында оқушылар арасында тренинг жүргізді.

Сондай-ақ кездесу барысында ҰБТ-ң жаңа форматы, ҚР БжҒМ мен ЖАО тарапынан бөлінетін гранттар туралы мәселелер талқыланып, университеттің материалдық-техникалық базасы, академиялық ұтқырлық бағдарламасы, арнайы гранттар мен жеңілдіктер және студенттермен жүргізілетін әлеуметтік-тәрбиелік бағыттағы жұмыстар турасында толық ақпараттар таратылды.

Жәмила Идиеваның сөзінше, кәсіби бағдар беру жұмысы жоғары нәтижелерге жетуде. Жәмила Жекебайқызының жүргізген сараптама нәтижесінде үстіміздегі жылы Жұбанов университетінің күндізгі бөліміне Шалқар ауданы бойынша – 114, Мұғалжар ауданы бойынша – 103, Байғанин ауданы бойынша – 98, Алға ауданы бойынша – 92, Хромтау ауданы бойынша – 92, Темір ауданы бойынша – 82, Мәртөк ауданы бойынша – 67, Ырғыз ауданы бойынша – 63, Әйтекеби ауданы бойынша – 61, Қобда ауданы бойынша – 51, Ойыл ауданы бойынша – 42 және Қарғалы ауданы бойынша – 35  талапкерлер қабылданған. Шетелдік студенттердің 183-і Өзбекстаннан, 9-ы Ресейден, 2-уі Моңғолиядан және 1-уі Қытайдан келіп оқуда.

Кәсіби бағдар беру жұмыстары әрі қарай  Мәртөк, Алға, Мұғалжар және Қарғалы аудандарында жалғасады.