Среда, Апрель 17, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ғалымдар Елбасы мақаласы туралы пайымдарын айтты

Ғалымдар Елбасы мақаласы туралы пайымдарын айтты

Күні кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы болып табылатын «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялаған болатын. Соған орай  бүгін Жұбанов университетінде өткен жиынға мемлекеттік қызметкерлер, тарихшылар мен ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Олар Елбасы еңбегін егжей-тегжейлі саралап, ой-пікірлерін ортаға салды.

Жиынды ашқан Жұбанов университетінің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков   Елбасы мақаласында келтірілген мысалдарды назарға алып, терең тариxымызды түгендеуге мүмкіндік беретін, ұлттың ұлылығын ұлықтайтын бағдарламалық бұл мақаланың маңыздылығын түсіндіріп өтті.

Жиынға қатысқан Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы  Бұлбұл  Елеусінова: «Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жалғасы. Аталмыш мақалада Қазақ халқының тереңен бастау алатын тарихи және мәдени ерекшеліктеріне сондай-ақ, әлемдік өркениетке қосқан өзіндік үлесі туралы жазылған. Сондай-ақ, мақалада бүгінгі жаһандану жағдайында ұлттың бірегейлігін сақтау барысында халықтың ғасырлар бойы жинақталған бай тарихын танып әрі ашылмаған қырларын зерттеуге шақырады.  Мұның барлығы – Елбасының тарихи сананы жаңғыртуға байланысты тапсырмасын іске асыру қадамдары. Осынау міндеттерді біздің өңірде орындауға жан-жақты қолдау да, дайындық жұмыстары да бар»,- деп, облыстағы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық  мақаласы аясында атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті.

Университеттің  ректоры Бауыржан Ердембеков ұлттық болмысымызды сақтап, тарихымызды жаңғырту жайында сөз болғанда,  алдымен жас буынды  ұлттық тәрбиемен сусындатуға ерекше көңіл бөлудің мән-маңызына кеңірек тоқталды.

Аталмыш жиында Нұртаза Абдоллаев, Алтай Тайжанов, Дәулет Әбенов, Абат Пангереев, Асхат Кеңесов сынды ғалымдар Елбасы мақаласында келтірілген мысалдарды ерекше атап өтіп, маңыздылығын түсіндіріп өтті.  Сондай-ақ, ғалымдар Елбасы мақаласын  әлі де  ғылыми айналымға түсетін зерттеу бағыттары мол екендігін  жекізді.  Белсенділердің сөзінше, маңызды мақала қазақ халқының терең тарихын түлетіп, оны төрткүл дүниеге дәріптеуге мүмкіндік береді.

Жиын барысында нақты ұсыныстар да айтылды. Ортақ ой айтып, пікірлерімен бөліскен зиялы қауым өкілдері мен университеттің профессор-оқытушылары мақаланың мәнін ашып, дүйім жұртқа жан-жақты етіп түсіндіруге басымдық бермек.  Ұлттық құндылық пен тамыры тереңде жатқан тарихымызға қатысты мақаладағы міндеттерді билікпен бірге орындауға да ниетті екендерін айтып тарқасты.

 

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ