Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Мерейлі шақ

Мерейлі шақ

Оқу орнының бас ғимаратындағы Қ.Жұбанов атындағы конференц-залда өткен пленарлық мәжілісте алдымен профессор Алпысбай Мұсаевқа облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтау хаты табысталды. Құттықтау хатты облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова табыстады. Сондай-ақ, университет ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков те құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесіне сый-сияпат жасады және конференция жұмысына сәттіліктер тіледі.

Бұдан кейін сөз кезегі ғалымдарға беріліп, Алпысбай Мұсаевтың әдебиеттану бағытындағы, сатиралық және оқу-әдістемелік еңбектеріне талдаулар жасалды.

— Алпысбай Мұсаев — қазақ әде­биет­та­нуына абайлап еніп, тиісті орнын алған көрнекті ғалым. Бұған ешкімнің таласы жоқ шығар деген ойдамын. Өйткені 1996 жылы Қазақстан Республикасы Жаратылыс­тану Ғылымдары Академиясының мүше-корреспонденті болып сайланған ғалымның маңызды еңбектерін үш томдық таңдамалы шығармаларынан оп-оңай тауып оқуға болады. Соңғы жылдары профессор Алпысбай Мұсаев шетелдердің ғылыми ортасына таныла бастады. ЮНЕСКО орталығында тағылымдамалардан өтіп, Франция, Австрия, Италия университеттерінде дәріс оқып, еңбектері шетел баспаларында жарияланды, — деп атап өтті әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Зинол-Ғабден Бисенғали.

Пленарлық мәжілісте А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Жамал Манкеева, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Ғабит Хасанов, т.б. баяндамалар жасады.

Пленарлық мәжілістенкейін конференция «Аймақтық әдебиеттану және мәдени мұра мәселелері», «Фольклор және лингвистика, дискурс, лингвопоэтика мәселелері», т.б. тақырыптарда секциялық мәжілістермен жалғасты.

А.САРЫБАЙ

http://www.aktobegazeti.kz/?p=70931