Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Көңілді тасытқан қос қуаныш

Көңілді тасытқан қос қуаныш

Салтанатты шараға ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Прези­денті – Елбасы кітапханасы дирек­торының міндетін атқарушы Махмұд ­Қасым­беков, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, зиялы қауым өкілдері қатысты. Жаңа ғимарат пен көшпелі қор көрмесінің кермежібін М.Қасымбеков, Қазақстан Респуб­ликасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, саналы ғұмырын музей ісіне арнаған ардагер, «Құрмет» орденінің иегері Рысжан Ілиясова, Ақтөбе облысының құр­метті азаматы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірманов қиды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қыз­ме­ті Президенттік оркестрінің әншілері әннен шашу шашты. «Айбын» Президенттік полкі Құрмет қа­рауыл ротасы салтанатты шеру ұйымдастырды.
Енді осы екі оқиға төңірегінде қысқаша сыр ақтарайық.
1929 жылы 25 тамызда Қазақстан өлкесін зерттеу жөніндегі қоғамның Ақтөбе бөлімінің отырысында өлке тарихын таныстыратын көрменің ұйымдастырылатыны сөз болған. Осыдан кейін қала шетінде бой көтерген шағын мектеп музейі – болашақ облыстық тарихи-өлкетану музейінің қарлығашы ретінде тарихта қалды. 90 жылға таяу уақытта мекеме бірнеше рет мекенжай өзгертті. 1965 жылы бұған дейін пайдаланылып келген қонақүйдің екі қабатты ғимараты музейге берілді. Д.Темушкин, К.Черников, Р.Сәрсенова, Н.Петров және тағы басқа бірнеше адам басқарған мекеме директорлығына 1980 жылы Рысжан Ілиясова тағайындалды. Ол ширек ғасырдай жетек­шілік етіп, кейін кеңесші қыз­метін атқарғанда іскерлігімен, ұдайы іздену қабілетімен Ақтөбедегі музейді елге танытты.
Облыс әкімі қызметіне тағайын­далған Бердібек Сапарбаевпен алғашқы жүздесуінде Рысжан Ілиясқызы ­музей ғимаратының 2014 жылы апаттық жағдайда деп танылып, жабылғанын ­баяндады және жаңа ғимарат құрылысын ыждағаттап қолға алуды өтінді.

Нәтижесінде жалпы құрылысына 650 миллион теңге жұмсалған, бұл қаржының елеулі бөлігін белгілі меценат, осыған дейін өзі туып-өскен Ақтөбе аймағында бірнеше әлеуметтік нысандар салып беріп, азаматтығымен танылған Исламбек Салжанов жеке қаржысынан шығарды. Аумағы 4,3 мың шаршы метрлік үш қабатты, өзгеше үлгідегі ғимарат Ақтөбе қаласында соңғы жылдары бой түзеген «Батыс-2» ауданының көркіне айрықша шырай кіргізді. Мұндағы он залда 110 мыңнан астам жәдігер минерология, палеонтология, ботаника, археология, сәндік-қолданбалы өнер, архив құжаттары тағы басқа атаулар берілген залдарда топтастырылмақ.
Облыс жұртшылығы көптен асыға күткен жаңа, сәулетті мекенжайда Елбасы музейінің арнайы көшпелі көрмесінің айқара есік ашуын жиналған қауым жақсы ырымға жорыды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өлкеге келген әрбір сапары осындай тамаша шаруаларға ұласатыны – Ақтөбе халқына құрметтің айқын белгісі. Көрмені бұған дейін ­Алматы, Шымкент және Атырау өңірлерінде 350 мың адам тамашалады.
Көрме «Елбасы жолы», «Елбасы феномені», «Әлем таныған Елбасы» және «Елбасы мәртебесі – Ел мәртебесі» атты төрт бөлімнен тұрады. Келуші осындағы аса құнды жәдігерлер арқылы Тұңғыш Президентіміздің сарабдал саясатынан, егемендігі жарияланғаннан бергі 27 жыл ішінде еліміздің жүріп өткен жолдарынан жан-жақты мәлімет алады.
«Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрме Ақтөбе өңірінде алдағы жылдың қаңтар айының соңына дейін жұмыс істейді.
Махмұд Қасымбеков осы сапарында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге облыс орталығында мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бой көтерген бірнеше ғимаратты аралап көрді, әлеуметтік нысандар жұмысымен танысты. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорлық құрамымен, студенттерімен кездесті, оқу орнының кітапханасына Елбасы кітапханасының 350-ден астам кітабын сыйға тартты. Өнер орталығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің мерекелік концертін тамашалады.

 

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі
Ақтөбе