Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жәдігер жерде қалмасын акциясы бастау алды

Жәдігер жерде қалмасын акциясы бастау алды

Бүгін Жұбанов универсиеттінің мұражайында алғашқы рет «Жәдігер жерде қалмасын» атты акция өткізілді. Шараны Жұбанов университетінің тарих факультеті университет мұражайымен біргелікте ұйымдастырды.

Шара барысында универсиетт факультеттері атынан мұражай қорына құнды жәдігерлерді сыйға тартты. Шараны салтанатты түрде ашқан университеттің ғылым және инновациялар бойынша проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты Рахым Бекназаров мұражайға фотоаппаратты мұражай меңгерушісі Гүлшара Жарқыловаға табыстады.

Мұражай экспонаттарының қатарын тарих факультетінің жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған ежелгі жәдігерлері, университеттің ең алғашқы факультеттерінің бірі физика-математика факультетінің алғашқы түлектерінің суреттері және 1931 жылғы қолмен жазылған оқу жоспарлары, кәсіби-шығармашылық факультетінің ардагер ұстаздары мен профессор-оқытушыларының қолынан шыққан қолөнер бұйымдары толықтырды.

Осылайша кәсіби-шығармашылық факультетінің ардагерлері Лена Сахариева өз қолынан шыққан тұскиіз табыстаса, Өтеғали Бекмұхамбетов күйсандық пен 350-ден астам күйтабақтарды мұражай қорына салтанатты түрде табыстады.

«Бүгінгі басталып отырған акция «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген көптеген шаралардың жалғасы болып отыр. Жұбанов университетінің мұражайы қазақ халқының кім екенін айқындайтын, жас ұрпаққа үлгі өнеге болатын құнды жәдігерлермен толыға берсін» — деген Дәулет Әбенов, мұражайға 19 ғасырдың аяғы 20 ғасырдың басына тесілі үтік, ұршық диірмен және тай ер-тоқымын табыстады.

«Құрметті қонақтар, оқытушылар және студенттер тарихымызды шыңдап, ұлттығымызды нығайтуға бағытталған акцияның басталуымен бәріңізді шын жүректен құттықтаймын. Акция барысында барлығы 40-тан астам экспонат жиналды. Бұл жақсы нәтиже деп ойлаймын. Жұмыс әлі алда, акция әлі жалғасады. Шараны ұйымдастыруға атсалысқандарыңыз үшін үлкен рахмет, оның ішінде осы мұражай меңгерушісіне алғысымыз шексіз» — деді шара барысында тарих факультетінің деканы Гүлмира Көпенова.

Гүлмира Ықыласқызы шараны ұйымдастыруға белсене атсалысқан бірқатар оқытушыларды Алғыс хаттармен марапаттады. Олардың ішініде университеттің ғылым және инновациялар бойынша проректоры Рахым Бекназаров, ардагер ұстаздар Лена Сахариева, Өтеғали Бекмұхамбетов, профессор Дәулет Әбенов, физика-математика факультетінің деканы Алтыншаш Бекбауова, кәсіби-шығармашылық факультетінің аға оқытушысы Қонысбек Қобыланов және физика-математика факультетінің ұжымы бар.

Айта кетейік, бүгінгі университет мұражайның қорына табысталған барлық экспонаттардың тізім жасалып, мұражай журналына тіркеледі.

Ажаргүл КУНАРОВА