Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жылқы — қазақтың қазынасы

Жылқы — қазақтың қазынасы

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы — осыған дейін жарияланған «Мәдени мұра», «Тарих толқынында», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларының жалғасы. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты — ұлттық құндылықтарымызды сақтап, оларды жастардың арасында насихаттау, болашақ ұрпаққа жеткізу.

Елбасы өз мақаласының І тарауында қазақ жеріндегі ежелгі өркениеттен бастап болған үлкен тарихи құбылыстарға, оқиғаларға тоқталады. Бұдан түйетініміз, қазақ жерін мекендеген көшпелі тайпалар, яғни біздің ата-бабаларымыз адамзаттың дамуына өз үлесін қосқан. Мысалы, осыдан жүз жыл бұрын батыс ғалымдары адамзат өркениетінде болған ең үлкен құбылыс адамның қолға жылқыны үйретуі, сондай-ақ үлкен су, теңіз жолдарының ашылуы екенін айтқан.

Қазақта «Ат — адамның қанаты» деген сөз бар. Тарихтан белгілі, ат ата-бабаларымыздың сенімді жолсерігі, досы болған. Мәселен, «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», жырларын алып қарасақ, ол кезде әр батырдың астында жүйрік аты болған. Оған энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» тұрағында жүргізілген қазба жұмыстарының аясында белгілі болғандай тұңғыш рет жылқы малы біздің еліміздің аумағында қолға үйретілгені дәлел болады. Сондай-ақ сонау ХVI-XX ғасырларда бүкіл ұлттардың, халықтардың әскерлері атты әскерге сүйенген. Яғни бұл тарихта жылқының адам өмірінде маңызы зор  болғанын көрсетеді.

Бүгінгі күнге дейін атты көлік ретінде пайдаланамыз. Жалпы ат қазақтың өмірінен жоғалмайды. Мысалы, қазақта 160 ұлттық ойынның түрі болса, оның көпшілігі атпен тікелей байланысты. Мәселен, теңге алу, бәйге, аударыспақ, қыз қуу, жорға жарысы, көкпар, т.б. Міне, осы ұлттық ойындарымызды біз болашақ ұрпақтың бойына сіңіріп, қалдыруымыз керек. Біздің алдымызда тұрған міндеттердің бірі — осы.

Қорыта айтқанда, біз Елбасы мақаласында айтылғандай өткенімізді біліп, қадірлеп, дәстүрлеріміздің озығын болашаққа азық ретінде алуымыз керек. Өкінішке қарай, қазіргі таңда елімізде қазақтың тарихында болмаған, сырттан таңылған салт-дәстүрлерді жасап, әкеліп жатқандар бар. Сондықтан мұның бәрін тарихи талдаудан өткізуіміз керек.

Ал бұл бағытта жан-жақты жұмыс жасауымызға Елбасының аталған мақаласы бағыт-бағдар береді. Бұл мақала — қоғамның дамуына, сананың жаңғыруына тың импульс беретін құжат.

Дәулет ӘБЕНОВ,

тарих ғылымдарының кандидаты, доцент,

облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық

кеңсесінің үйлестірушісі.

http://www.aktobegazeti.kz/?p=71143