Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университет ғалымы 60 жасқа толды

Университет ғалымы 60 жасқа толды

Бүгін Жұбанов университетінің  қабырғасында «Отан тарихы және тарихи пәндер» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Ұзақбай Шаукерұлы Исмағұловтың 60 жасқа толу тойына арналған тарих факультетінің Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Оған облыстағы жоғары оқу орындары мен орта оқу орындарының, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер, БАҚ саласының өкілдері,  облыстың тарихшылары мен зиялы қауым өкілдері, белгілі ғалымдар, мерейтой иесінің шәкірттері, әріптестері мен достары қатысты.

Ұзақбай Шаукерұлы —  1990 жылдан бері Жұбанов университетінде қызмет етеді,  100-ден аса түрлі ғылыми және оқу әдістемелік мақалалардың, сондай-ақ оқу-әдістемелік мазмұндағы еңбектердің және монографиялардың авторы. Оның ғылыми мақалалары республиканың белді ғылыми журналдарында, Ресей, Германия, Белоруссия, Қырғызстан сияқты алыс-жақын шет басылымдарда жарық көрген.

Белгілі тарихшы ғалымның мерейтойына орай ұйымдастырылған шарада оның еңбектері сараланып, тарих ғылымына қосқан еңбегі айтылды.

Шараны тарих  ғылымдарының кандидаты, доцент  Самат Есқалиев  ғалымның өмір жолы жайындағы баяндамасын жасады. Ол баяндамасында Ұзақбай Шаукерұлының өмірінің әрбір кезеңіне тоқталып, кеңінен баяндады.

Бұдан кейін сөз алған университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Бибігүл Әбенова  жиналғандарға  ғалымның білім-ғылым саласына сіңірген еңбегі туралы әңгімелеп, ректор Бауыржан Ердембековтің құттықтауын жеткізді. Содан соң Бибігүл Сейілқызы мерейтой иесіне қазақы дәстүр бойынша иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Ғылыми кеңес барысында сөз алған ғалымның шәкірттері мен әріптестері ұстаз-ғалымның өмірі мен қызметін тілге тиек етіп, сый-сыяпаттарын жасады. Жиында Алматы, Астана, Атырау, Орал, Павлодар қалаларындағы жоғары оқу орындарынан келген өкілдер  ректорлары атынан құттықтау хаттар табыстады.

Айта кетейік, Ұзақбай Исмағұлов кафедра меңгерушісі қызметіндегі жетістіктері үшін ол 2006 және 2012 жылдары екі рет «Жылдың үздік кафедра меңгерушісі» марапатына ие болды. Сондай-ақ, Елбасы Жолдауларын насихаттаудағы жастарға білім мен ғылым жолындағы еңбектері үшін Ақтөбе қаласы әкімшілігінің алғыс хатымен (2011 ж.), Ақтөбе облыстық білім басқармасы мен Ақтөбе облыстық білім беру және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының алғыс хатымен (2012ж.), Жұбанов университетінің «Құрметті профессоры» (2016ж.), Құрмет грамотасымен (2017ж.), «Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ 50 жыл», «Университетті дамытудағы еңбегі үшін» медалдарымен марапатталған.

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ