Вторник, Март 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Мұстафа Шоқай аманаты және мұраттарына арналған шаралар легі Жұбанов университетінен бастау алды

Мұстафа Шоқай аманаты және мұраттарына арналған шаралар легі Жұбанов университетінен бастау алды

Бүкіл түркі жұртының ғана емес, әлемдік деңгейдегі зиялылармен терезесі тең қайраткер Мұстафа Шоқай­ға арналған шаралар легі мұнымен шектелген жоқ. Әрі қарай  «Мұстафа Шоқай аманаты және мұраттар сабақтастығы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясымен жалғасты. Мұнда «Әлем таныған тұлға» ғылыми монографиясы мен «Мұстафа Шоқайдың 12 томдық мұралары» ғылыми жинақтарының таныстырылымы өтті.  Бұл шарада жарық көрген аталмыш ғылыми жинақтардың мән-маңызы жан-жақты сөз болды.

Зиялы қауымның басын қосқан айтулы шараны университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров ректор Бауыржан Ердембековтің құттықтауымен жеткізіп,  Әлім Алматтың немере інісі Роман Рахиұлына «Жұбанов төсбелігісін» табыс етті. Конференцияны одан әрі Республикалық Ардагерлер Кеңесі төрағасының орынбасары,   профессор Өмірзақ Озғанбай құттықтау сөзімен жалғастырды.

Республикамызға және халықаралық деңгейде танылған профессор ғалымдар қатысқан бұл ғылыми шарада Амангелді Айталы, Әбжанов Хангелді, Әбдіжәлел Бәкір, Сабыр Қасымов сынды профессор ғалымдар, тарихшылар мен саясаткерлер   баяндамалар  жасап, тұшымды ойларын ортаға салды. Ғалымдар Мұстафа Шоқайдың Түркістандағы кеңестік биліктің отаршылдық сипатын алғаш таныған және онымен күресуге бүкіл ғұмырын арнаған, түркі халықтары тарихында жаңа интеллектуалды көкжиекке көтерілген қайраткер екенін тағы да бір дәлелдеп, терең ойлы әңгімелерді сөз етті.  Жалпы конференцияға қатысушылар Мұстафа Шоқай туралы көптеген тың деректерге қанықты.

Конференция қатысушыларының айтуынша университетте өткізіліп отырған конференция және басқосу барысындағы көтерілетін мәселелер тың зерттеулерге түрткі болып, ХХ ғасырдың басындағы түркі-мұсылман халықтары тарихының күрделі мәселелерінің күрмеуін шешуде өзіндік орын алуына ықпал етпек.

Иә, халқы қадірлеген, құрмет тұтқан Мұстафа Шоқайдың еңбегі — баға жетпес асыл мұра. Бүгінде Сыр елінің ғана емес, түркі жұртының мақтанышы, көпшіліктің ардақты ағасына айналған алып тұлғасы дүниеден өтсе де, оның есімі, жасаған ерен еңбегі халық жадында сақтаулы екені тағы да дәлелденді. Жұбанов университетінде басталған мұндай шара секциялық жұмыстармен аяқталды. Ал, екі күнге созылған бұл шаралар ертең қалада  Мұстафа Шоқай мен Мария Шоқай 1918 жылы мамырда аялдаған тарихи ескерткіш ғимаратқа экскурсиямен, «Қазақтың үнін сағынамын…!» атты документалды – музыкалық спектакльмен, Әлім Алмат ұрпақтарының Ырғыз ауданы жұртшылығымен кездесуімен жалғасады.

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ