Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > ҚАЖ жабық мекемелеріндегі білім беру сағаты

ҚАЖ жабық мекемелеріндегі білім беру сағаты

Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесі – ұлттық және халықаралық деңгейдегi адам құқықтары саласындағы оқытуды дамыту және жетiлдiру міндетін басты назарда ұстанады. Елімізде барлық азаматтар білім алу бағытында тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие. Осы орайда, пилоттық жоба аясында  Ақтөбе қаласындағы жазасын өтеуші сотталғандарға білім беру жұмысы – оқу үрдісіне қашықтықтан білім беру технологияларын қолданумен жүзеге асырылмақ.

Қазақстан Республикасының білім беру және қылмыстық-атқару жүйесінің құрылымындағы бұл жобаны жүзеге асыруға мүдделi тараптар: Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты КА-168/2 (қауіпсіздігі орташа) мекемесі мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті арасында келісім жасалған.

Жобаның басты мақсаты – адам құқықтары саласында бiлiм берудi жүзеге асыру, адам құқығы мәдениетiн оқытуды жетiлдiру болып табылады. Жобаның негізгі принциптері – білім берудің қашықтықтан оқыту жүйесін дамытудың басымдылығы негізінде сапалы жоғары білім алуға барлығының құқығын теңдестіру.

Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға тартылған сотталған тұлғаларға жоғары білімді қол жетімді ету,  адам құқығы мен бостандығын құрметтеп, ескеру мақсатында ҚАЖ жабық мекемелерінде ұсталатын және бас бостандығынан айыру түріндегі жаза кесілген тұлғаларға  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті профессор-оқытушылар құрамы «Үздіксіз білім беру институтының» директоры, п.ғ.к., доцент Г.А.Такишеваның ұйымдастыруымен «Риторика және тіл мәдениетін қалыптастыру» (аға оқытушы, г.ғ.м. Ә.Ж.Ұлықпанова), «Жылдам оқу және интенсивті даму» (п.ғ.к., доцент А.К.Тоғайбаева), «Шағын кәсіпкерлікке баулу»  (аға оқытушы, магистрлер  Шакибаев М.К. пен Оспанбаева А.Ж.) курстары бойынша білім беру сағаттарын жүргізді.  Жоба бойынша оқыту қорытындысында тыңдармандарға (сотталғандар) атаулы сертификаттар табысталатын болады.

Ұйымдастырушы тараптар мен білім берушілер ҚАЖ жабық мекемелерінде ұсталатын және бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға сотталған тұлғаларды оқыту механизмі оң нәтижесін береді деген нық сенімде.

Әлия ҰЛЫҚПАНОВА