Четверг, Август 22, 2019
Басты > БАҚ біз туралы > Мақтаныштың әлемдік мәртебесі

Мақтаныштың әлемдік мәртебесі

Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжінде жастарға Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын насихаттау мақсатында жиын өтті.

Басқосуға облыстық ішкі саясат басқармасының жанынан құрылған ақпараттық топтың өкілдері, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушысы Асхат Кеңесов, облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының әдіскері Әсия Тұрышева қатысып, Елбасы мақаласының мән-маңызына кеңінен тоқталды.

— Кез келген ұлттың мақтанышы — тарих. Президентіміз сол ұлттық тарихымызды түгендеп, ұлы даланың жеті қырын айқындап берді. Бұл — өркениеттің белгісі.

Осы орайда Мемлекет басшысының ұсынып отырған  «Ұлы даланың ұлы есімдері» және «Ұлы дала тұлғалары» сынды жобалары, мақалада көзделген «Атқа міну мәдениеті», «Аң стилі», «Ұлы даладағы ежелгі металлургия» бөлімдерінің елімізді дүниежүзіне таныту жолында атқаратын рөлі ерекше. Сондай-ақ, бір қызығы, шетелдік ғалымдардың өзі Қазақстан алма мен қызғалдақтың отаны екендігін дәлелдеді. Міне, осы байлықтарымызды мақтаныш ретінде айта білуіміз керек, — деді Асхат Кеңесов.

Сонымен қатар жиында сөз алған Әсия Тұрышева мақаланың төл руханиятымызды дамытуға ерекше серпін берген «Рухани жаңғыру» ке­шенді бағдарламасының жалғасы екенін, бұл жаңа идеялар арқылы ел болашағын баян­ды ете түсудің шешуші сәті екенін айтып өтті. Сондай-ақ сан мыңдаған жылдар бойы ата-бабамыздың серігі болған жылқы жануарына қатысты әңгіме өрбітті.
Шара соңында аталған колледждің әлеуметтік пәндер бірлестігінің оқытушысы Кәмшат Наурызбаева баяндама жасады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК