Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Спартакиада жеңімпаздары марапатталды

Спартакиада жеңімпаздары марапатталды

Жұбанов университетінде қараша айының 28-29 күндері шағын-футбол, шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі және волейбол спорт түрлерінен университеттің 1-курстары арасында  спартакиада өткен болатын.

Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған спартакиаданың жабылу рәсімі университеттің №2 спорт кешенінде  өтті.

Бұл шара салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, қалыптастыру және денсаулығын нығайту, спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Аталмыш шарада университет жатақханалары мен  жаратылыстану факультетінің, экономика және құқық факультетінің,  кәсіби-шығармашылық факультетінің, педагогика факультетінің, тарих факультетінің, техникалық факультетінің, филология факультетінің, шетел тілдері факультетінің, физика-математика факультетінің 1-курс студенттері бақ сынады.

Спартакиада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен ашылды. Одан соң Әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Нұржан Мақсатбайұлы Бердібаев сөз сөйлеп,  белсенділік танытқан барлық команда мен ойыншыларға алғысын жеткізді.

Өз кезегінде «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының меңгерушісі Төлеген Ботағариев  ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған әуесқойлар арасындағы «Достық» су спорты орталығының ашық біріншілігенде өткен суда жүзуден І орын алған университет оқытушысы Шыңғыс Төлеуовті құттықтады.

Жеңімпаздар мен жүлдегер командалар Спартакиаданың арнайы кубогымен және дипломдармен марапатталды.  Жалпыкомандалық есепте  І — орынға физика-математика факультеті, ІІ-орын – техникалық факультеті мен ІІІ-орын – экономика және құқық факультеттерінің еншісіне бұйырса, ал университет жатақханаларының командалары арасында І-орынға «Жігер» (Жастар үйі), ІІ-орынға «Жеңіс» (№2 жатақхана), ІІІ – орынға «Алау»  (№1 жатақхана) ие болды.

Жабылу салтанатында «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының аға оқытушысы Әбілғазиз Қалдыбайұлы Құлмағамбетов жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап, алдағы уақытта бұданда жоғары деңгейде болуларына зор тілегін жеткізді.