Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қазақ әдебиетін оқыту процесінде цифрлық білім беру ресурстарын қолдану

Қазақ әдебиетін оқыту процесінде цифрлық білім беру ресурстарын қолдану

«Оқыту үдерісінде цифрлық білім беру ресурстарын қолдану: әдістері мен тиімділігі» тақырыбындағы университеттің әдістемелік апталығы аясында қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушылары, жас мамандар ашық сабақтар, тренинг өткізді. Оқытушы, гуманитарлық ғылымдар магистрі А.Жаналықызы «Қазіргі қазақ әдебиеті» пәні бойынша «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 4-курс студенттеріне (401-топ) «Төлен Әбдік шығармаларын көрсету графикасы арқылы меңгерту» атты тақырыпта практикалық ашық сабақты цифрлық білім беру ресурстарын қолдану арқылы өткізді.

Жас маман, оқытушы А.С.Умирбаев «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 1-курс студенттеріне (101-топ) «Әдебиеттануға кіріспе» пәні бойынша «Драмалық шығармаларды АКТ арқылы меңгерту» тақырыбында практикалық ашық сабағын өткізді.

Қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, филология магистрі Г.К.Тәңірбергенованың ұйымдастырумен «Қазақ әдебиетін оқытуда қазіргі заманғы АКТ қолданудың тиімділігі, нәтижесі» атты тренинг өтті. Аталған шараға кафедра филиалы Новый орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.М.Мұғаддем қатысып, қазіргі ақпараттық технологиялардың қолданылу аясы жөнінде бірнеше жаңа әдістер түрлерін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 3-курс студенттеріне көрсетіп, оларға түрлі мазмұндағы практикалық тапсырмалар орындатты. Ақ қалпақ, жұмбақ сөзді тап, кластер жасау, «bilim land» сайты бойынша тест, жаттығуларды орындаған білім алушылар қазақ әдебиетін орта мектепте оқытуда сандық білім беру ресурстарынының тиімділігінің ерекше екендігіне көз жеткізді. Тренинг барысында теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру мақсатында топқа бөлінген студенттер тақырыпқа байланысты өздеріне аса қажетті ақпарат алғандығын атап өтті.

Әдістемелік апталық аясында 30 қараша күні қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы С.Ж.Тәшімбаева «Филология: қазақ филологиясы» мамандығының 4-курс студенттеріне (401-топ) «1960-1990 жылдардағы әдеби сынның даму ерекшеліктерін интерактивті оқыту әдістері арқылы меңгерту» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Мақсаты: 1960-1990 жылдардағы қазақ әдебиетіндегі сыншылардың еңбектерін және шығармаларын цифрлық тұрғыда түсіндіру және оқыту. Аталған ашық сабаққа қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Ж.С.Сұлтанғалиева, гуманитарлық ғылымдар магистрлері А.С.Умирбаев пен А.Жаналықызы қатысты.

Әй-керім ЖАНАЛЫҚЫЗЫ,

филология факультеті