Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Филология факультетінде өткен халықаралық конференция

Филология факультетінде өткен халықаралық конференция

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті филология факультеті «Теориялық және қолданбалы тіл білімі» кафедарасының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 30 жылдығына орай 2018 жылдың 30 қарашасында «Латын әліпбиі: гуманитарлық ғылымдар және әлемдік интеграция» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өткізілді. Халықаралық деңгейде өткізіліп жатқан конференцияға Түркия, Өзбекстан елдерімен қатар, Қазақстан Республикасының өзге де облыстарынан ғалымдар шақырылды. Атап айтсақ, Ташкент қаласындағы Алишер Навои атындағы Ташкент мемлекеттік университеті, филология ғылымдарының докторы, профессор, “Өзбек тілі мен әдебиеті” факультетінің деканы Раупова Л.Р., Андижан қаласындағы З.М.Бабур атындағы Андижан мемлекеттік университеті, филология ғылымдарының докторы, профессор Шахабитдинова Ш.Х., Түркия мемлекетінің Стамбул қаласынан Стамбул университетінің Phd докторы Türkana Hüseynova, Алматы қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Грамматика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Жұбаева О.С., Астана қаласындағы “Тіл-қазына” орталығының әдістеме бөлімінің басшысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сапина С.М., Атырау қаласы, Х.Досмухамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетнен қос ғалым философия ғылымдарының докторы, профессор Бекежан Ө.Қ. мен филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Абдрахманова Ж.М. қатысты.

«Ұстазға мың алғыс» акциясы аясында «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 30 жылдығына орай Рабиға Сыздық атындағы дәрісхананың ашылу салтанаты да аталған конференцияға тұспа тұс келді.Академик Р. Сыздық дәрісханасы түлектер демеушілігімен жабдықталды.

Конференцияда латын графикасын қолданудың мәселелерін айқындауға, қазақ жазуының даму жолдары, латын әліпбиінің кезеңмен көшу шараларын және жаңа әліпби негізінде қабылданған қазақ тілі емлесінің ереже жобасын талқылауға мүмкіндік берілді. Конференция «Латын әліпбиінің әлемдік интеграция мен гуманитарлық ғылымдардағы орны», «Емле жобасы – қазақ жазуы тарихының жаңа кезеңі», «Латыннегізді қазақ жазуын сандық технологияға көшіру мәселелері», «Латын әліпбиінің оқыту үдерісіне енгізілу жолдары» бағыттары бойынша өз жұмысын жүргізді. Теориялық және қолданбалы тіл білімі кафедрасының оқытушылары Қондыбай Күлшат Әбдіғанымқызы, Кушкимбаева Айнур Серикбаевна тренинг өткізсе, Окасова Гулжанат Жексенбаевна, Тлеумуратова Жулдыз Сандыбаевна мастер-класстар жүргізді.

«Латын әліпбиі: гуманитарлық ғылымдар және әлемдік интеграция» тақырыбындағы халықаралық ғылыми конференция жұмысы мақсатына сай өз мәнінде өтіп, оқылған ғылыми баяндамалардағы латыннегізді қазақ әліпбиі мен жаңа жазу емлесі туралы мәселелер университеттің осы бағытта жүргізіп келе жатқан жұмыстарын одан әрі жақсартып, толықтыра түсуге бағдарламалық бағыт берді.

Филология факультеті