Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жастар саясаты > Еркін форматтағы кездесу

Еркін форматтағы кездесу

Бүгін Жұбанов университетінің Студенттер сарайында Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығы Ұлттық жобалар басқармасының басшысы Сагиева Айгүл Хасенқызы жастармен еркін форматта кездесу өткізді.

Мұндай сапармен басқарма басшысы  еліміздің бірқатар өңірлерінің  жоғары оқу орындарын аралаған. Ол білім алушыларға атаулы жобаның  мақсаты мен міндеттерін тағы бір мәрте еске түсіріп, студенттерді толғандырып, қызықтырып жүрген бірқатар сұрақтар мен мәселелер төңірегінде әңгіме қозғады.

Басқосуда студенттерді оқу бітіргеннен кейін жұмыс міндеттілігін өтеуі, облыстың білім беру мекемелеріндегі бос орындар, түлектің жолдамадан бас тартуы кезінде оқытуға жұмсалған қаржыны мемлекетке қайтаруы туралы мәселелер де талқыланды. Сондай-ақ, пікіралмасу алаңында үшжылдық міндетті еңбек ету үшін мектептерге орналасу мақсатында алдын ала іс-тәжірибеге бару мәселелері, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау түрлері, өңірде қалып жұмыс істейтін жастарға тұрғын үй мәселесі қалай шешілетіні жайлы сұрақтар қызықтырды.

Босқосу барысында университеттің Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Нұржан Бердыбаев пен декан орынбасарлары студенттердің өзге де көкейкесті сұрақтарына жауап берді.

Кездесуге қатысқан студенттер университеттегі білім сапасы мен жатақханадағы жағдайларымен бөлісті. Мұнымен қоса студенттер бағдарламаның маңызын атап өтіп, жоғары оқу орнының басшылығына кездесуді ұйымдастырғандары үшін алғыстарын жеткізді. Сондай-ақ студенттер жолдама бойынша еңбек етуге ынталы екендіктерін білдірді.

Кездесуде «Бүгінгі таңда білікті де, білімді мамандарға сұраныс өте жоғары. Мамандарды жоғары деңгейде даярлауда Жұбанов университеті тек аймақта ғана емес, сонымен бірге республика бойынша көш ілгері келеді. Ал, осы университетте «Серпін-2050» жобасы бойынша білім алып жүрген студенттер еліміздің экономикасы мен осы аймақтың дамуына өз үлестерін қосады деп ойлаймын»,- деді, Айгүл Сагиева.

Сөз соңында университет студенттеріне талмай еңбектенуге, өздері үшін жасалып отырған барлық мүмкіншілікті пайдалана отырып, білімді де білікті маман атануларына тілектестік білдірді.

Кездесуден соң Айгүл Хасенқызы кезекті іс-сапарында Жұбанов университетінің оқу үрдісінің ұйымдастырылу жағдайы, заманауи жабдықталған оқу кабинеттері мен зертханаларды аралап, оқу орынның материалдық базасы және студенттердің тұрмыстық жағдайымен танысып, барлық мүмкіндікті қарастырып, қамқорлық білдіріп жүрген университеттің әкімшілігі мен қызметкерлеріне алғысын білдірді.

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ