Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Биыл 90 жоба іске қосылды

Биыл 90 жоба іске қосылды

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде «Жастар тәрбиесінде қоғамдық сананы жаңғырту бағыттарының қолданылуы» тақырыбында семинар өтті. Жастар Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы өз ойларын ортаға салды.

Жиында алдымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының алты  бағыты мен төрт кіші бағдарламасы  бойынша атқарылған жұмыстар айтылды.  «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Нұрлыхан Хасенов «Жобалық менеджмент негізіндегі рухани жаңғырудағы жастардың рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Бағдарлама аясында облыста өткен жылы құны 12 миллиард теңге болатын ірі көлемдегі  89 жоба жүзеге асқан. Ал биылғы он айда 90 жоба іске қосылыпты.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының маманы Нұрсұлтан Елеуов келер жылдың Жастар жылы деп аталғанын, осыған орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылатынын айтты. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Дәулет Әбенов Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының мән-мағынасын ұғындырып, стратегиялық бағыты туралы айтып берді.

— Бұл мақала біздің рухани жаңғыруымызға жаңа бір серпін береді. Себебі Елбасымыз  мақаласын екіге бөліп, болашақта алдымызда қандай мақсат тұрғанын нақты көрсетіп берген. Осыған байланысты қоғамдық пәндер оқытушыларының, тарихшылардың, этнограф, археологтардың алдында үлкен жұмыс тұр. Әрине, бұл жұмыс бұрын басталған. Бұған дейін Елбасы «Мәдени мұра» секілді мемлекеттік бағдарламаларды  қабылдады. Өткен жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы жарық көрді. Ал  «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы — сол мемлекеттік  бағдарламалардың жалғасы, — деген ғалым  жастарға тарихымыздың әлі де зерттелетін тұсы көп екенін айтты. Мәселен, көрші Орынбор облысының архивтерінде біздің тарихымызға қатысты құнды деректер бар екенін, оларды зерттеу қажет екенін айтты. Медициналық университеттің аға оқытушысы Шәмші Бауыржан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында оқу орнында атқарылған жұмыстарды баяндады.  Алдағы жоспарлармен бөлісті. Өз кезегінде жастар ойларын ортаға салды.

Кәмшат ҚОПАЕВА