Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Университтеттің даму жоспары талқыланды

Университтеттің даму жоспары талқыланды

Бұдан соң, облыс әкімі Жұбанов университетінде өткен бақылау кеңесінің отырысына қатысты. Бердібек Сапарбаев төрағалық еткен жиында оқу орнының биылғы даму жоспары, Елбасының Жолдауы мен бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттер айтылды.

Ақтөбегі іргелі оқу орнының бақылау кеңесі жылына бірнеше мәрте өткізіледі. Негізінен университетті одан әрі дамыту, студенттерге берілетін білімнің сапасын арттыру мен өзге де маңызды мәселелер қаралады. Бүгінгі жиында биылғы жыл бойы атқарылған жұмыстар туралы есеп берген білім ордасының ректоры қол жеткен жетістіктерді атады. Белгілі болғандай, бәсекеге қабілетті мамандар дайындау және түлектерді жұмыспен қамту үшін қыруар іс қолға алынып, оң нәтиже бере бастаған. 270-тен астам студент Ресей, Қытай, Түркия, Польша секілді өркениетті елдерде білім жүр. Шетелдік оқытушылар да осы университет қабырғасында дәріс оқуда. Тиісті министрлік бөлген гранттардан өзге, жағдайы нашар отбасылардың балаларын да көптеп тарту тұрақты жолға қойылған.

Бүгінде күні университетте 13 мыңнан астам студент білім алуда. Алдыңғы оқу жылдарымен салыстырғанда 4 мыңға жоғары. Ал, оқытушылар саны саладағы өзгеріс, жаңашылдықтарға орай жыл өткен сайын қысқарып келеді. Дегенмен, білім сапасы төмендеген жоқ дейді жоғарғы оқу орнының басшылығы. Қазірдің өзінде жергілікті билікке ұсынып отырған бірнеше ғылыми жобалары бар. Оның бірі асфальтты бетон жабындысына қатысты болса, енді бірі қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға арналған. Сондай-ақ, ферроқорытпа зауыты және өзге де кәсіпорындармен бірлескен жобалары баршылық. Облыс әкімі елдің батысындағы төрт өңірге орай ұлттық университет құрудың да маңызды екенін атап өтті.

Университеттің қосымша табыс табуына да мол мүмкіндігі бар. Ол үшін алдағы уақытта коммерциялық емес акционерлік қоғам құру — басты жоспарлардың бірі.

Бақылау кеңесінің отырысында болашақ маман дайындау ісінің барлық бағыт-бағдарлары айтылды. Студенттердің білім сапасын арттыру мен олардың тәртібі де сөз болды. Бітіруші түлектерді жұмыспен қамтуда кәсіпорындармен байланыс аясын кеңейту туралы да әңгіме өзегі болды. Ал, оқу орны басшылығының ғылыми жобалары мен өзге де оң ұсыныстары қолдау табады.

Әнуарбек Мырзатайұлы