Четверг, Июнь 4, 2020
Басты > Жаңалықтар > АӨМУ жанынан «Зерек» балаларды дамыту орталығы ашылды

АӨМУ жанынан «Зерек» балаларды дамыту орталығы ашылды

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Рухани жаңғыру» және «Туған жерге тағзым» бағдарламалары аясында 2018 жыл облыста «Бақытты бала – мәңгілік ел кепілі!» ұранымен бала жылы болып белгіленді. Бүгін аталмыш жобаны жүзеге асыру аясында Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ жанынан салтанатты түрде «Зерек» балаларды дамыту орталығы ашылды.

Орталық 5-10 жас аралығындағы балалардың интеллектуалды қабілеттерін дамытуға негізделген. Кешенде кішкентай ақтөбеліктер үшін физикалық дамыту, денсаулық сақтау және қауіпсіздік мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, әлеуметтік-психологиялық жағдай жасау, сөйлеу тілі және тірек қимыл аппараты бұзылыстарын түзету, кеңістікті бағдарлауға үйрету, мектепке оқуға дайындау, интеллектуалдық дамыту, компьютерлік сауаттандыру, бейнелеу өнеріне қабілетін дамыту, ағылшын тілін меңгерту курстары жүргізілетін болады.

Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев оқу орнының басшылығына өз ризашылығын білдіре келе: «Облыстық «Бақытты бала» бағдарламасына белсене атсалысып, облыстық жобалардың орындалуына қосып жүрген үлестеріңіз үшін облыстық әкімшілік атынан алғысымызды білдіреміз. Балаларды дамыту орталығының ашылуы – прогрессивті қоғамның кепілі. Біздің балаларымыз заманауи талаптарға сай болуы керек. Олар сапалы білім алып қана қоймай, ғылым, спорт, шығармашылық салаларында да өздерін танытуы керек», — деді.

Орталықтың ашылуы 2017-2018 оқу жылындағы StartUp жобалар байқауының нәтижесінде іске асып отыр. «Университеттің педагогикалық факультеті «Мектепке дейінгі және арнайы білім беру» кафедрасының «Ақылды бала бақша» StartUp жобасы байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды иеленген болатын. Осылайша университет ректоры Бауыржан Ердембековтің және Ғылыми кеңестің қолдауымен біз өзіміздің жобамызды жүзеге асырып отырмыз», — деді өз кезегінде «Мектепке дейінгі және арнайы білім беру» кафедрасының меңгерушісі Клара Төребаева.

Студенттер оқытушылардың тікелей бақылауымен арнайы жасақталған тәжірибелік алаңда дуальды білім беру жүйесі аясында балалармен жұмыс жасап, өздерінің педагогикалық қабілеттерін шыңдауы орталық ерекшеліктерінің бірі болып отыр. «Психология» мамандығының 1-курс магистранты Аида Бикешованың айтуынша, орталық базасында тәжірибеден өтіп қана қоймай, сонымен қатар өзіндік әдістемелерді дамытуға мүмкіндік көп. «Бұл орталықта біз маман ретінде машықтанамыз. Сабақ барысында біз өзімізді қызықтыратын әдістерді пайдаланып, зерттей аламыз. Мысалға мен метафоралық карточкалармен жұмыс істегенді ұнатамын және осы тәсілді жұмыс барысында қолдана алатыныма өте қуаныштымын», — дейді ол. Сондай-ақ, Аида Бикешова психологиялық көмек кабинеті тек балаларға ғана емес, маман көмегі қажет ата-аналар үшін де жұмыс жасайтынын атап кетті.

Бүгінгі таңда орталықта 17 арнайыландырылған кабинеттер бар. Бұл кабинеттерде 100-ден астам студент әртүрлі бағыт бойынша өз білімдерін жетілдіріп, тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие. Сабақтар екі кезек бойынша топтық немесе жекелей бағытта өткізіледі. Орталық секцияларында Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарынан келген балалармен бірге университеттің профессор-оқытушылық құрамының балалары да өздерінің қабілеттерін дамыта алады.

Аударған Ажаргүл КУНАРОВА