Вторник, Май 26, 2020
Басты > БАҚ біз туралы > Балаларды дамыту орталығы ашылды

Балаларды дамыту орталығы ашылды

Бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Зерек» балаларды дамыту орталығы ашылды. Орталық университеттің биылғы «Бақытты бала» жылына қосқан үлесі. «Зерек» орталығы Жұбанов университетінің өз идеясы. Былтырғы оқу жылында «Ақылды балабақша» деген атаумен стартап жобалар байқауына қатысып, бірінші орынды жеңіп алған. Жоба бір адамға емес тұтас бір педагогика факультетіне тиесілі. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен екінші деңгейлі банк өкілдерінен құралған қазылар алқасының жоғары бағасын алыпты. Кейін университеттің ғылыми кеңесі жобаны жүзеге асыру туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде жаңа нысан бой көтерді. «Зерек» орталығында 17 кабинет бар. Өзге дамыту орталықтарынан айырмашылығы — монтессори, сауықтыру кабинеттері бар. Мүмкіндігі шектеулі балаларға дефектолог, логопед, психологтар көмектеседі. Бұдан бөлек шешендік өнер, робототехника, ағылшын тілі үйірмелері ашылған. Орталық күніне 50-100 балаға дейін қабылдай алады. Тегін де, ақылы да бөлімдер бар. Ал университет қызметкерлері балаларын өздерімен бірге жұмысқа алып келіп, «Зерекке» қалдырып, алаңсыз жұмыс істей береді. Кешке үйлеріне бірге қайтады. Бұл орталықтың университет жанынан ашылуының бір сыры — дуалды оқыту әдісін жүзеге асыру. Студенттер үшін тәжірибе алаңы. Олар бұл жерде оқытушылардың жетекшілігімен болашақ кәсіптеріне машықтанады. Тәжірибеден өту үшін өзге бақшаларды жағалаудың қажеті жоқ. Орталықта топтық және жеке сабақтар өтеді.

http://www.rikatv.kz/kz/news/balalardy-damytu-ortaly-y-ashyldy.html