Воскресенье, Декабрь 8, 2019
Басты > БАҚ біз туралы > Жаңа КЕЗЕҢНІҢ ЖҮГІ

Жаңа КЕЗЕҢНІҢ ЖҮГІ

Елбасы«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Мәңгілік ел» ұлттық идея екендігін тарихи құндылықтар арқылы ашып көрсетеді.

Өткен тарихты зерттемей, жарқын болашақты болжау мүмкін емес. Елбасы өзінің мақаласының «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» деген бірінші тарауында мынадай басты ұлттық құндылықтарға тоқталады: атқа міну мәдениеті, Ұлы даладағы ежелгі металлургия, аң стилі, «Алтын адам», түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы.

Президент Н.Назарбаев Алматы апортының арғы атасы — Сиверс алмасының отаны екенін және оның Алатаудың бауырайында өсетінін ерекше атап өтеді. Осы танымал жемістің терең тарихына үңіліп, оның Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралғанын баяндайды. Расында, 1913 жылы Париж қаласында өткен Романовтар әулетінің 300  жылдығына арналған дүниежүзілік көрмеде Алматы апорты қойылып, жұртшылықты таңғалдырғанын тарихтан білеміз.

Сонымен қатар, қызғалдақ гүлінің отаны Қазақ елі екенін, осы әдемі өсімдіктің Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін табылатынын және бүкіл әлемге таралғанын атап өтеді. «Жабайы қызғалдақтардың» шынында Қазақстанның оңтүстігінен таралғанын ғалымдар айтып жүр.

«Тарихи сананы жаңғырту» деген тарауында да біраз дүниелер қамтылған. Соның ішінде «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар мұражайы» сияқты ірі жобалар осымен тікелей сабақтас екені сөзсіз. Осы ірі жобаларды іске асыру заманауи, дамып келе жатқан Қазақстанды қалыптастыруда жаңа кезең болатынына үміт зор.

Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласымамандар даярлау ісінде, жас ұрпақты тәрбиелеуде аса маңызды құжат екені анық. Оның оңды әсерін қазірден сезініп жатырмыз.

 Бауыржан ЖҮНІСОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры