Среда, Февраль 19, 2020
Басты > Жаңалықтар > Өзбекстандық студенттер өнер көрсетті

Өзбекстандық студенттер өнер көрсетті

Бүгін Студенттер сарайында Жұбанов университетінің экономика және құқық факультетінде оқып жатқан өзбекстандық студенттер Қазақстанның Тәуелсіздігіне 27 жыл толу құрметіне арнап мерекелік концерт қойды. «Елге сағыныш» деп аталған бағдарлама арқылы туған жерінен жырақта жүріп, білім алып жатқан студенттер алыстағы әке-шеше, бауырларына деген өз сезімдерін жеткізгісі келіпті. Концертте сырға толы өлең жолдары оқылды, құйқылжыған ән орындалды, мың бұралған би биленді, көңілді әзілге қойылым да көрсетілді.

Биылғы оқу жылында университетке 200-ге жуық Өзбекстан жастары оқуға түскен болатын. Олардың 50-ден астамы «Экономика» және «Құқық» мамандықтарына білім алуда. Концертті тамашалаған көрермендер қарақалпақтың қосығына қосылып, өзбектің делбені қоздыратын «Бұқара» биімен бір серпілді.  Жастардың дені Нөкіс, Шымбай қалалары мен Қоңырат, Шоманай, Төрткүл және Тақтакөпір елді мекендерінен. Олар бүгін сондай-ақ өзбектің бас ұлттық тағамы — палауын пісіріп әкеліп, көрермендерге дәм де ұсынды.

Гүлнара ҚАРАША