Четверг, Сентябрь 19, 2019
Басты > Жаңалықтар > Магистранттарға арналған ғылыми онлайн-семинар

Магистранттарға арналған ғылыми онлайн-семинар

Жаратылыстану факультеті биология кафедрасының доценті, б.ғ.к. Г.М.Атаеваның ұйымдастыруымен Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ мен М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ «Биология» мамандықтарының 1-2 курс магистранттары арасында «Батыс Қазақстанның флорасы мен ботаникалық-географиялық аудандарын аймақтық талдау» тақырыбында ғылыми онлайн – семинар өтті.

Семинардың мақсаты — Батыс Қазақстанның флорасы мен ботаникалық-географиялық аудандарын аймақтық талдау және өсімдіктердің биоалуантүрлілігін сақтауда өсімдік түрлерінің биоресурстарын тиімді пайдалану тәсілдерін анықтау. Өсімдік жамылғысының құрылымдық – динамикалық сипаттамасын зерттеу және аймақтағы ботаникалық-географиялық аудандарды анықтау басты міндет.

Осы уакытқа дейінгі жүргізілген зерттеулерге қарамастан, Батыс Қазақстан флористік аудандар флорасы жеткіліксіз анықталған, атап айтқанда, флористикалық жиынтығы, сәйкестендіруге және талдауға арналған толық жұмыс жоқ. Сондықтан облыстық табиғи флорасының казіргі жағдайын зерттеу өте маңызды. Кез келген флораны зерттегенде әрқашан екі негізгі міндет бар: жан-жақты талдау негізінде өсімдіктер дүниесін терең зерттеу және оның фитогендік қорын сақтау бойынша ұсыныстар әзірлеу. Осы мәселелерді шешу үшін флораның түрлер құрамын анықтау керек, флоралық, таксономиялық, экобиоморфологиялық, экологиялық талдауды орындау, реликті өсімдіктерді талдау, өсімдіктердің түрлерінің шаруашылық маңыздылығын талдау, қорғауға мұқтаж сирек өсімдіктердің түрлерін анықтау және оларды қорғауға қатысты ұсыныстар әзірлеу.

Семинар соңында тыңдалған ғылыми баяндамалар бойынша екі жоғары оқу орынының магистранттары мен ғылыми жетекшілері арасында талдаулар жасалып, өзара пікір алмасты.

Гүлшат АТАЕВА

Жаратылыстану факультеті