Четверг, Июнь 4, 2020
Басты > Жаңалықтар > Университетте мамандандырылған аккредиттеу рәсімі өтті

Университетте мамандандырылған аккредиттеу рәсімі өтті

2018 жылдың 12-14 желтоқсан аралығында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 6 білім беру бағдарламасына Қазақстан Республикасы Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (АРТА) тарапынан мамандандырылған аккредиттеу рәсімі жүргізілді.

Аккредиттеу рәсімінің мақсаты – білім бағдарламаларының халықаралық стандарттарға сәйкестігін тану үшін аккредиттеу органы тарапынан жүргізілетін бағалау процесі. Дәлірек айтсақ, мамандандырылған аккредиттеу барысында университеттегі білім беруді ұйымдастыру мен жүзеге асыру, білім бағдарламаларының сапасы мен жалпы білім беру қызметінің мемлекеттік стандарттарға және нормативтерге сәйкестігі бағаланады.

Аккредиттеу жүргізілген мамандықтар:

* 5В011700-Қазақ тілі мен әдебиеті

* 5В011800-Орыс тілі мен әдебиеті

* 5В012100-Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті

* 5В012200-Орыс тілінде оқытпайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті

* 5В020500-Филология

* 6М020500-Филология

Аталған рәсімді АРТА тарапынан отандық және шетелдік сарапшылар тартылған сыртқы сараптау комиссиясы жүзеге асырды. Комиссия төрағасы – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті шетел филологиясы кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор Айгүл Ермекқызы Біжкенова (Астана қ.).

Шетелдік сарапшылар: Сергей Александрович Гончаров, ф.ғ.д., профессор, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректорының бірінші орынбасары (Санкт-Петербург қ., Ресей Федерациясы); Джураев Абдурахим Ходжиевич, филос.ғ.д, профессор, Тәжік мемлекеттік бизнес, құқық және саясаттану университеті ректорының халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесшісі (Ходжанд қ., Тәжік Республикасы).

Сарапшылар: Тыныштық Нұрдәулетқызы Ермекова, ф.ғ.д., профессор, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің қазақ тіл білімі және теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, Жобалық кеңесінің жауапты үйлестірушісі (Алматы қ.); Клара Өмірзаққызы Қонақова, (филол.ғ.к.), п.ғ.д., Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің теориялық және қолданбалы тіл білімі кафедрасының профессоры (Алматы қ.).

Агенттік бақылаушысы: Ниязова Гулияш Балкеновна – АРТА институционалдық және мамандандырылған аккредиттеу жобасының жетекшісі (Астана қ.);

Жұмыс беруші: Кунанова Дамиля Бахиткерейқызы – «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы адами капитал дамыту бөлімінің жетекшісі (Ақтөбе қ.).

Студенттер: Давлетова Мөлдір Қасқырбекқызы, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің 2-курс студенті (Ақтөбе қ.); Құттымұратова Гүлсара Кенжеғалиқызы – Қазақ-орыс халықаралық университетінің 4-курс студенті (Ақтөбе қ.).

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Б.А.Ердембековтың қабылдауынан басталған аккредиттеу рәсімі сыртқы сарапшылардың университет проректорларымен және құрылымдық бөлімдер басшыларымен, факультет декандарымен және бітіртуші кафедралар меңгерушілерімен сұхбаттасу жүргізуіне, аккредиттелетін білім бағдарламаларының оқу ғимараттары мен кафедраларына сырттай шолу жасауына жалғасты. Сонымен қатар, аккредиттелетін білім бағдарламалары бойынша кафедра құжаттарының стандарттарға сәйкестілігін тексеріп, сабақтарға таңдап қатысты, студенттермен, магистранттармен, ПО құрамымен, түлектермен, жұмыс берушілермен кездесу өткізіп, олармен еркін тақырыпта сұхбаттасты. Аталған кездесулерге ПО құрамынан 108 адам, 40 студент пен магистрант, облыстың түрлі саласынан жұмыс 26

беруші мен аккредиттелетін мамандықтардың 42 түлегі қатысты. Сұхбат барысында жұмыс тобы тарапынан берілген сұрақтарға барлық қатысушылар қанағаттанарлық деңгейде жауап берді. Сарапшылар сұхбаттасу нәтижесінде қатысушылардың бұл үдеріске үлкен жауапкершілікпен қарағандарына ризашылығын білдіріп, университет пен түлектер, жұмыс берушілер арасындағы кері байланыс тиісті деңгейде екендігін атап көрсетті.

Мамандандырылған аккредиттеу рәсімі аясында сыртқы сарапшылар аккредиттелетін білім бағдарламаларының практика базалары мен кафедралардың өндірістегі филиалдарына да барды. Мысалы, №24 лингвистикалық мектеп-гимназия, №51 гимназия мен №13 орта мектептерінде орналасқан Қазақ әдебиеті, Теориялық және қолданбалы тіл білімі, Орыс филологиясы және мәдениетаралық коммуникация кафедра филиалдарының жұмысымен танысты, сондай-ақ «ҚР Телерадиокорпорациясы» АҚ АФ, №23 мектеп-лицейі мен №21 үш тілді оқытылатын мектеп-гимназиясында орналасқан практика базаларында болып, аталған мекеме қызметкерлерімен сұхбаттасты.

Бағалау нәтижесінде сарапшылар тобы университет басшысы мен құрылымдық бөлім басшыларымен кездесіп, аккредиттеу рәсімі аясында өткен шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығын атап өтіп, алғыстарын білдірді. Мамандықтардың аккредиттелу мерзімі алдымыздағы жылдың қаңтар айында өтетін АРТА Аккредиттеу кеңесінде анықталатын болады.