Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Әбіш Кекілбаев атындағы дәрісханада кездесу өтті

Әбіш Кекілбаев атындағы дәрісханада кездесу өтті

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде көрнекті жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың жары — Клара Жұмабаева студенттермен кездесті.

Кездесу университеттегі Әбіш Кекілбаев атындағы дәрісханада өтті. Кездесуге сондай-ақ жазушының ұлы — Дәулет, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың ұлы — Алмас Оңғарсынов келді. Жиынға университет басшылары мен оқытушылар да қатысты.

Бұл оқу орнында Әбіш Кекілбаев атындағы дәрісхана 2016 жылғы қазан айында жазушыны еске алуға арналған шаралар аясында ашылған еді. Жуырда университет басшылығының бастамасымен дәрісхана қайта жабдықталып, жаңаша безендірілді. Дәрісхана төрінде студенттерді Әбіш Кекілбаевтың ойлы кейіпте сомдалған мүсіні қарсы алады. Жазушының осы кезге дейін жарық көрген кітаптарының суреттері бір жақ қабырғаны тұтас алып тұр. Олар студент жастарды әдебиет әлеміне шақырып тұрғандай әсер қалдырады.

Бұл дәрісханада күнделікті сабақтар ғана емес, ақын-жазушылар мерейтойларына арналған іс-шаралар, мүшәйралар, салтанатты жиындар да жиі өтеді. Алдағы уақытта мұнда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған «Ұлы даланың ұлы перзенттері» жобасы бойынша іс-шаралар өткізу жоспарланған.

Кездесуде студенттер Клара Жұмабаева, Дәулет Кекілбаев және Алмас Оңғарсыновтың естеліктері мен жылы лебіздерін тыңдады.Сондай-ақ, қонақтар студенттер сауалдарына жауап берді.

Кездесудегі әңгіме негізінен әдебиет төңірегінде өрбіді. Әбіш Кекілбаевтың жары әңгімені:

— Әдебиет — білім кені ғана емес, сонымен қатар, адамгершілік тәрбиенің көзі. Мен жастарды көбірек кітап оқуға шақырамын. Кітапқа деген сүйіспеншілік — көп адамға үлкен жетістіктерге жетуге жол ашқан ұлы қасиет, — деп түйіндеді.

А.САРЫБАЙ