Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Мансап» мектебі мемлекеттік қызметші даярлайды

«Мансап» мектебі мемлекеттік қызметші даярлайды

Облысқа жасаған жұмыс сапары барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіндегі бірнеше әлеуметтік нысандарды аралады.  

Университет ректоры Бауыржан Ердембеков агеНттік төрағасы Алик Шпекбаев пен облыс әкімі  Бердібек Сапарбаевқа алдымен ситуациялық орталықтың жұмысын таныстырды. Бас ғимарат пен төрт жатақхана және оқу ғимараттарына қондырылған 302 бақылау камералары осы орталықтан басқарылады. Орталық университетке қатысты барлық мәліметтерді жинақтауға мүмкіндік беретін коммуникациялық және интерактивтік ақпарат құралдарымен жабдықталған. Мәселен, адамның бет-әлпетін анық көрсететін және қараусыз қалдырылған, күдік тудыратын заттарды жедел анықтайтын құрылғылар бар. Университет ректоры алдағы уақытта камералардың мүмкіндігін кеңейту мақсатында жұмыстар жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ қонақтар жақында ашылған «Адалдық» дүкенін көрді. Кез келген адам сатушысы жоқ дүкеннен қалаған заттарын алып, ақысын кассалық жәшікке салады. Осылайша оқу орны жастарды шыншыл, адал болуға үндейді.

Былтыр ашылған «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығы да қонақтардың  қызығушылығын туғызды. Орталық білім алушыларға «Бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсетеді. Қазіргі күні студенттер 17 қызмет түрін ала алады. Мәселен, университетте оқитыны, жұмыс жасайтыны туралы анықтама қағаздарын бірден шығарып алады. Бұл жерде өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы да бар. Жастар ешкімнің көмегінсіз электронды үкімет порталы арқылы қалаған анықтамасына қол жеткізеді.

Сондай-ақ қонақтар «Саналы ұрпақ» студенттер клубымен танысып, жастармен тілдесті. Бұл жерге  жоғары оқу орындары мен колледждердегі клубтардың жастары жиналады. Жобаның мақсаты — бәсекеге қабілетті саналы ұрпақ тәрбиелеу.

Университетті аралаған агенттік төрағасы Алик Шпекбаевты «Мансап» студенттердің мемлекеттік қызмет мектебінің жұмысы қызықтырды. Мектепті  жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі  облыстық департаменті мен университет бірігіп ашып отыр. Бауыржан Ердембеков бұл университеттегі жастарға қолдау көрсетуге бағытталған ірі жобаның бірі екенін айтты. Мектептен студенттер мемлекеттік қызмет дағдыларын үйренеді. Оларға тәжірибелі мемлекеттік қызметкерлер сабақ береді. Нәтижесінде жастар дайын маман болып шығады. Мектеп ашылған екі жылдың ішінде 58 студент білім алған. Олардың сексен пайызы жұмысқа орналасыпты. Алик Шпекбаев жастардың жұмысына ризашылығын білдіріп, тілек кітабына қолтаңба қалдырды.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.