Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Тарихи тұлғаға арналған кабинет ашылды

Тарихи тұлғаға арналған кабинет ашылды

2017 жылдың 25 тамызында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының шеңберінде белгілі тарихи тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері Дербісәлі Беркімбаев атындағы кабинеттің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Ашылу салтанатына Дербісәлі Беркімбаевтың ұрпақтары, Қазақстан және Ресейдің зерттеуші ғалымдары, облыстың зиялы қауым өкілдері, университет басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы, аймақтық БАҚ өкілдері қатысты.

Кабинеттің салтанатты ашылу рәсімінің лентасын Д.Беркімбаевтың тікелей ұрпағы Арынғазы Беркімбаев пен ҚР білім беру ісінің үздігі Ғалымжан Байдербес кесті.

Дербісәлі Беркімбайұлы жайлы қысқаша мағлұмат беріп өтсек, ол 1837 жылы Ор өзенінің саласы, Ойсылқара өзенінің бойында дүниеге келген. 20 жасынан бастап түрлі қызметтер атқарып, қазақтардың арасында «әділ би» ретінде танылған. Өз заманында Д.Беркімбаев жеке қаражатына Орскіде екі мешіт салдырған, ғылым, оқу-ағарту істеріне белсене қатысқан. Қазақ елінде шешекке қарсы егу күресін бастаушылардың бірі, осы саладағы мамандар дайындауды ұйымдастырушы, ХІХ ғ.80-90 жылдарында уездік, болыстық емханаларды, фельдшерлік бекеттерді қалыптастыруда сіңірген еңбегі зор.

Тарихи тұлғаларды ұрпаққа үлгі етіп, өнегелі істері мен мол мұраларын насихаттау мақсатында осындай игі бастама бастаған университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлы салтанатты рәсім барысында жиналғандарға өзінің ізгі тілегін алғаш болып жеткізді: «Аталмыш кабинеттен қаншама студенттер дәріс алып, Дербісәлі атамыздың жасаған игі істері осы жерде паш етілетін болады. Жасыратыны жоқ, Тәуелсіздік алған жылдардан кейін Патшамен байланыста болған тұлғаларға басқаша көзқарастар қалыптасып, басқаша пікірлер айтыла бастады. Бірақ олай емес екендігі баршамызға мәлім. Дербісәлі Беркімбайұлы жасаған игі істер әрбір студентке дұрыстап түсіндіріліп, ұрпақ санасына сіңуі тиіс. Сол замандарда «атты да өлтірмей, арбаны да сындырмай» алып шыққан осындай азаматтарымыздың көрегендігі, білгірлігі. Олар қазақ елінің жалпылай отарланып кетуінен сақтады, қаншама мешіттер салдырды, халықты отырықшылдыққа баулыды. Елді де сақтап, орыстармен де жақсы қарым қатынас орната білген осындай тарихи тұлғалардың еңбегін елеп, әркез ұмытпауымыз керек. Университетімізде алдағы уақытта да белгілі тұлғаларымыздың атына арналған кабинеттерді ашу жоспарда бар. Себебі кез келген кабинетте тұнып тұрған тарих бар», — деді өз сөзінде университет ректоры.

Келесі сөз кезегін алған Дербісәлі Беркімбаев атамыздың ұрпағы Арынғазы Беркімбаев бұл кабинеттің жастарды тәрбиелеуде, білім беруде қосар үлесінің зор болатындығына, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген тарихи тұлғаның өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі ұрпақ үшін өнегелі тәлім беретіндігіне тоқтала келе, осындай игі шараны қолға алған университет ректорына, университет ұжымына алғысын білдірді. Сондай-ақ, шара кезінде ҚР ҰҒА академигі Болат Көмеков сөз сөйлеп, қазақ тарихына, өлкеге байланысты жазылған кітаптарын университетке тарту етті. Сонымен қатар танымал жазушы Қуаныш Орманов, Санкт-Петербург қаласынан келген ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Инга Владимировна тұлға жайындағы ойларын ортаға салып, кабинеттің ашылуымен жиналғандарды құттықтады.

Жиналғандар шара соңында Дербісәлі Беркімбаев атындағы кабинетте естелік суретке түсті.