Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Биыл — жастар жылы! Ақтөбелік жігіттер мен қыздардың ұсынысы қандай?

Биыл — жастар жылы! Ақтөбелік жігіттер мен қыздардың ұсынысы қандай?

«Біз 2019 жылды «Жастар жылы» деп жарияладық. Ол турасында арнайы бағдарлама қабылдау керек. Жастарға не керек  бірінші білім, екіншіден үйленетін болса үй-жай қажет. Жағдай жасалып, жұмыс берілуі тиіс. Төрт нәрсе. Содан кейін бізде «Ауыл  ел бесігі», «Жасыл ел», «Патриоттық сарбаз» деген бағдарлама бар. Оларға арнайы жағдай жасап, жастардың қабілетін көтеруіміз керек. Әсіресе, жасалып жатқан шаруаны, Қазақстанның Тәуелсіздігін жастар қадірлейтін болар деп ойлаймын. Соған сенемін».

 Қазақстан Республикасының Президенті

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

 

Жастарға ең әуелі нақтылы жағдайдың жасалу қажеттігін Елбасының өзі айтып жүр. Мәселен, олардың білім алып, баспанамен қамтамасыз етілуіне баса назар аударған жөн. «Жастар жылын» жариялаудағы мақсат та сол — жігіттер мен қыздардың әлеуметтік жағынан қорғалуына қол ұшын беру. Өйткені еліміздің болашағы — жастардың қолында. 

Осы орайда біз әртүрлі саладағы жас ақтөбеліктерді әңгімеге тартып, олардың енді басталған Жастар жылы аясында атқарылатын жоба-жұмыстарға қатысты ұсыныс-тілегін білген едік. Ендеше, жылдың басты кейіпкерлерінің өзі сөйлесін…

Шетелде тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берілсе…

Жарас МОЛДАНИЯЗОВ,

дизайнер-архитектор:  

— 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды. Яғни жастар үшін бұрынғыдан да көп мүмкіндіктер жасалатынына, шыны керек, қатты қуандым.

Мамандығым — дизайнер. Бұл елімізде жаңадан дамып келе жатқан салалардың бірі болғандықтан, зәулім үйлер мен заманауи нысандарды салуда біз шетелдік мамандардың көмегіне көбірек жүгінеміз. Әсіресе, бұл істе Түркия, Қытай, Жапония, Ресей сияқты дамыған елдер әлдеқайда алда. Бұл қазақстандық мамандардың қолынан ештеңе келмейді деген сөз емес, әрине. Бәрі жерлес әріптестерімнің тәжірибесінің аздығынан деп ойлаймын. Сондықтан көп жастарымыз дизайнерлік саланың қыр-сырын меңгеру үшін Ресейге барып оқиды. Шетелде білім алып, тәжірибе жинақтап келген дизайнерлердің отандық дизайнерлерден жоғары бағаланатындығы тағы бар. Егер жастарға құрылыс-сәулет саласы бойынша арнайы бағдарламалар арқылы шетелде тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берілсе, жақсы бастама болар еді. Артынша өзіміздің мамандарға көптеп көңіл бөлінетіндігі хақ.

Кез келген мамандық иесінің арманы — өз саласында белгілі бір дәрежеге қол жеткізіп, өзінің қолтаңбасын қалдыру. Мен де солардың қатарынанмын. Қаламызда салынып жатқан, болашақта іргетасы қаланатын құрылыс нысандарының дизайнын жасау, өзімнің ойымдағы жаңа жобаларды жүзеге асыру — армандарымның бірі.

Замандастарым өте білімді, алғыр десем, қателеспейтінім анық. Тек дұрыс бағыт-бағдар беріп, демеп жіберсе болашақта жоғары нәтижелерге қол жеткізетінімізге сенімім кәміл.

Жас қаламгерлерге қамқорлық күшейсе екен

Назекен МӘТБАЕВА,

кітапханашы:

— 2019 жылды жастарға арнағанына өте қуаныштымын. Бұған  дейін де еліміздегі жастарға барынша жағдай жасалып, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді деп есептеймін. Өз басым жоғары оқу орнында грант негізінде  оқып, «Дипломмен  — ауылға»  бағдарламасы аясында тұрғын үй және көтерме  ақы алған жас мамандардың бірімін. Үлкен өмірге аяқ басқан жас үшін бұл үлкен көмек. Жұмысқа орналасқаннан кейін де ұжымымның қолдауының арқасында әртүрлі жарыстар мен форумдарға қатысып, кәсіби біліктілігімді шыңдап  келемін.

Кітапханашы ретінде атаулы жылда бүгінгі  жастардың  кітап  оқудағы  сұранысын  қанағаттандыру үшін кітап қорын қазіргі заманғы әдебиеттермен, бүгінгі  күннің  трендіне  айналған психологиялық, философиялық, мотивациялық, бизнес, іскерлік  әдебиет бағыттарында жарық көрген шетелдік және отандық бестселлер  кітаптармен, әлемдік  әдебиеттің жаңа туындыларымен толықтырса деген  ұсынысым  бар.

Шығармашылыққа енді бет бұрған жас ақын-жазушыларға да қамқорлық күшейсе, көптік етпейді. Мысалы, соларға арналған мүшәйра, жыр кештері жиі өткізіліп тұрса, балауса жырлары кітап болып басылса, керемет емес пе? Жастайынан қамқорлықты сезініп, қанаттанған қаламгерлердің болашақта үлкен шығармалардың авторы атанатыны сөзсіз. Осы жайлар Жастар жылында жалғасын тапса, талай мықты ақын-жазушының арамыздан көптеп шығатынына күмән жоқ.

Сөзден нақты іске көшсек…

Мейірхан ЖАНКЕЛДІҰЛЫ,

қаржыгер:

— Жастар жылының жариялануы — қуантарлық жайт. Бұл бізге жасалған құрмет деп түсіндім.

Менің көзқарасым бойынша, жастардың негізгі проблемалары — білім алу, жұмысқа тұру және баспаналы болу. Бюджеттен бөлінген қаражат әншейін форумдар, пайдасыз жиындарды өткізуге жұмсалмай, мен атаған түйткілдерге мән берілсе деймін.

Жастарға ең алдымен сапалы білім керек. Мәселен, кәсіпкерлік бағытындағы білімді күшейтіп, заманауи технологиялар қамтылса, ғаламтор мен әлеуметтік желідегі бизнесті, кеңінен таралып келе жатқан «soft skills» және «hard skills» дағдыларын үйрету қолға алынса, бизнеске шетелден тәжірибе жинақтау мен оқыту курстары ұйымдастырылса, жақсы болар еді.

Тағы бір мәселе — жұмыссыздық. Көпшілік жастар жұмысқа орналасу кезіндегі талаптардың ауырлығына байланысты қалаған қызметіне тұра алмай жатады. Жұмыс өтілінің, тәжірибесінің талап етілуі кедергі емей немене?

Баспана мәселесі де өзекті. Жұмысы, табысы тұрақты азаматтарымызға тұрғын үй алуға түрлі бағдарламалар бар. Дегенмен тағы да сол жалақының аз мөлшерінің кесірінен көбінің жағдайы келе бермейді. Сол себепті тұрғын үй алу үшін алғашқы жарнаның көлемі төмендетілсе деген ұсынысым бар. Бұл үйлі боламын деген жастарға үлкен сый болар еді.

Жастарға жеңілдіктердің жасалғаны дұрыс

 Ақторғын НОҒАЕВА,

әдіскер:

—  Қазіргі жастар — білімге құштар, жүректері патриоттық сезімге толы, көкірегі ояу, талантты, жаңа заман азаматтары. Біздің елде жастардың дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Ісін жүзеге асыруға мүмкіндіктер баршылық, тек соны толық игеруге тиіспіз.

Дегенмен, елімізде жастар мәселесі түбегейлі шешілді деуге болмайды. Сондықтан жастар мәселесіне Жаңа жылда жіті назар аударылады деген ойдамын. Қоғамның қозғаушы күші жастар десек, олардың жағдайын қолға алмай, алдағыны болжау қиын. Осы орайда баспана, жұмыссыздық, жас отбасылар жағдайы секілді өзекті мәселелер бар.

Жалпы, өнер өздігінен өрістеп, дамымайтыны белгілі. Оған қашанда қолдау керек. Төл өнерімізді жастар арасында дамытып, оның көкжиегін кеңейтіп, халықтық рухын сақтап қалу, соның түп-тамырына қан жүгіртіп, ұрпақтар еншісіне саф алтындай таза күйінде жеткізу — біздің мақсат. Бұл ретте облыстық халық шығармашылығы орталығының әдіскері һәм мәдениет саласының өкілі ретінде оқушылар мен студенттерге домбыра, жетіген, қобыз сияқты ұлттық аспаптар тегін үйретілсе, ең болмағанда үйірмелерге жеңілдіктер қарастырылса, артық болмас еді. Және бұл барлық мәдениет ошағында жаппай қолға алынса, оның нәтижесі де ауыз толтырып айтарлықтай болатыны талассыз.

Оқу ақысының құны азайтылса деймін

 Ақбота ҰЗАҚБАЕВА,

студент:

— Студент ретінде ең әуелі Жастар жылында оқу ақысының азайтылғанын қалаймын. Өйткені құрбы-құрдастарымнан білемін, қай-қайсысына да жыл сайын үлкен соманы төлеу оңай емес… Кеңес Одағы кезіндегідей ақысыз негізде оқытпаса да, білім алуға талабы бар, бірақ қалтасы жұқа жастардың жағдайын ескеруге болады ғой… Әйтпесе, жылына орташа есеппен 450-600 мың теңге табу қиын-ақ. Соның салдарынан көптеген қыз-жігіттер сабақтан тыс уақытта жұмыс істеуге мәжбүр екені тағы рас. Бұл жағынан жеңілдіктер жоқ демеймін, бірақ соны көбейтсе екен. Елімізде білімді, оқыған азаматтардың саны артса, оның ешкімге зияны тие қоймас…

Мұнымен бірге, көптеген оқу орындарында жатақхана мәселесінің күн тәртібінен түспегені ақиқат. Әсіресе, жоғары курстағы студенттерге бұл жағынан қиындау. Өйткені негізінен оқуға енді түскендерге бөлме беріледі де, есейіп қалғандарды «ол жағын өздерің шешерсіңдер» деп жібере салады. Меніңше, бұл дұрыс емес.

Сосын Ақтөбеде студенттерге тегін ас беретін дәмхананың барын білеміз. Қатарластарым қаражат жағынан қиналғанда әдетте сол жерге барады. Бір тілек — сондай орталықтар көптеп ашылса екен… Бұл жастарға үлкен қуаныш болар еді.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ