Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Кәсіби-шығармашылық факультетінің оқытушылары мен студенттері жоғары нәтижелерге жетуде

Кәсіби-шығармашылық факультетінің оқытушылары мен студенттері жоғары нәтижелерге жетуде

Бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Кәсіби-шығармашылық факультетінде Факультет кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Онда алдымен  факультет деканы Сабыржан Мұхтаров бірқатар оқытушылар мен студенттерді марапаттады. «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының аға оқытушысы Асан Мұса Тайұлына «ҚР Дене шынықтыру мен спорт саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін тақты.

Әрі қарай Волга бойында өткен студенттік «Ұлттық қазына»ұлттық шығармашылық фестивалінде және «Милли хәзинә» балар-жасөспірімдер фестивалінде командалық 2-орынға ие болған «Дизайн» мамандығының бір топ студенттерін құттықтады.

Сондай-ақ, аталмыш сайыс нәтижесінде II дәрежелі дипломмен «Дизайн» кафедрасының аға оқытушысы Юлия Кузнецова, «Дизайн» мамандығының 1-курс студенті Арайлым Самиғолла марапатталды. III дәрежелі диплом және қатысушы дипломдарына аталмыш мамандықтың басқа да студенттері ие болды. Олардың қатарында Әйгерім Мұқашева, Томирис Бірманова, Аделина Ерланова және Аида Есқазина да бар.

Аты аталған студенттер РФ Казан қаласында өткен IV Халықаралық  «Өнер қақпасы» көрме-байқауына қатысып, жоғары дәрежеге жеткендіктері туралы бүгінгі Факультет кеңесінде мәлім болды.

Байқау қорытындысы бойынша «Студент» категориясында «Көркем тоқыма» номинациясында I дәрежелі дипломға Аделина Ерланова, II дәрежелі дипломға Томирис Бірманова ие болды. Ал, Айгерім Мұқашева, Арайлым Самиғоллаева және Аида Есқазина қатысушы дипломдарының иегерлері атанды.

Марапаттаулар рәсімінен кейін Факультет кеңесі отырысымен жалғасты.