Пятница, Март 29, 2024
Басты > Білім > Білім саласы интеграцияға қашан да мүдделі — БҒМ

Білім саласы интеграцияға қашан да мүдделі — БҒМ

Астанада «Еуразия апталығы» халықаралық форумы аясында «Еуразиялық экономикалық шоғырлану бағытында ғылым мен білім беру мекемелері мен бірлестіктерінің рөлі» тақырыбында халықаралық форум өтіп жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Форумға келген ЕАЭО елдерінің алдыңғы қатарлы сарапшылары, ғылым мен білім саласының өкілдері кәсіби мамандарды даярлаудағы мәселелерді талқылап, біртұтас нарық капиталы қажет ететін мамандарды, жаңа талаптарды анықтамақ. Спикерлер жуырда ғана құрылған Мемлекетаралық желілік қаржы институтының (Қазақстан, Ресей, Армения, Белоруссия мен Қырғызстанның Жоғарғы оқу орындары базасында) мысалында желілік білім берудің артықшылықтары туралы сөз қозғады. ЕАЭО елдерінің мемлекеттік мекемелері мен квазимемлекеттік секторларына қаржы мамандарын даярлау сұрақтарына ерекше мән берді.

Білім саласындағы интеграцияның өрісін кеңейту жұмысын тілге тиек еткен ҚР БҒМ жауапты хатшысы Арын Орсариев Қазақстан тарапы ізгі бастамаларға дайын екенін мәлім етті.

«Қазақстан үшін білім беру саласындағы интеграция мен ішкі интеграцияның нақты бастамалары өте маңызды. Білім беру саласы біздің еуразиялық интеграциядағы ең озық бағыттардың бірі болып табылады. 90-шы жылдардан бері біздің білім беру мекемелеріміздің арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде нығайып келеді. 2016 жылдың сәуір айында Мәскеуде Халықаралық желілік университет құру туралы меморандумға қол қойылды. Қазіргі таңда Қазақстан озық тәжірибелер мен білім беру инновацияларының ел дамуына жәрдемдесуіне мүдделілік танытып отыр. Қазақстанның 50-ден астам жоғары оқу орындарында ЕАЭО-тың жоғары оқу орындарымен бірге қосдипломды бағдарламасы бар», — дейді Арын Орсариев.

ҚР БҒМ өкілінің айтуынша, Қазақстан жыл сайын шетелдік білікті мамандарды тарту үшін тек қана жоғары оқу орындарының ресурстарын ғана емес, мемлекеттен де қаражат бөледі. Ол бағыттағы жұмыс қазақстандық білім беру сапасын арттыруға зор үлесін қосып келеді.

«Еліміздің 9 университеті QS рейтингіне енді. Биылғы жылы Қазақстанның базасы негізінде Орталық Азия білім беру хабын құрылғанын жарияладық. Біз Қазақстан еуразиялық кеңістік шеңберінде білім беру қызметтерін көрсету саласында бәсекеге қабілетті болуын қалаймыз», — дейді Орсариев.

inform.kz