Пятница, Январь 18, 2019
Басты > Жаңалықтар > Ғалымның мерейтойына арналған халықаралық конференция

Ғалымның мерейтойына арналған халықаралық конференция

Бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде ғалым-педагог Имжарова Зауреш Убайдуллақызының 60 жас мерейтойына арналған «Педагогикалық инновациялар заманауи білім беру жүйесін дамыту ресурсы» тақырыбында  халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Оған облыстағы жоғары оқу орындары мен орта оқу орындарының өкілдері, кәсіптік білім беру мекемелерінің оқытушылары, жас ғалымдар, аспиранттар мен магистранттар, доктаранттар, ғылыми-зерттеу мекемелерінің қызметкерлері, қосымша білім беру мекемелерінің педагогтары,  мерейтой иесінің шәкірттері және әріптестері қатысты.

Пленарлық мәжілісте Үздіксіз білім беру институтының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Гүлбану Ақылбекқызы Такишева педагог-ғалымның  шығармашылық жолы туралы баяндама жасады. Ол баяндамасында Имжарова Зауреш Убайдуллақызының өмірінің әрбір кезеңіне тоқталып, кеңінен баяндады.

Бұдан кейін сөз алған университеттің  Ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, доцент Рахым Бекназаров  жиналғандарға  ғалымның білім-ғылым саласына сіңірген еңбегі туралы әңгімелеп, ректор Бауыржан Ердембековтің құттықтауын жеткізді. Мерейтой иесін арнайы құттықтауға келген Ақтөбе облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұрлан Кунтуов облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың  жолдаған құттықтау хаты мен арнайы сый-сияпаттарын тапсырды.

Пленарлық мәжілісте «Самғау» республикалық ғылыми-әдістемелік журналының редакторы Шолпан Сатенова мерейтой иесіне «Маман мақтанышы» медалін табыстап, «Самғау» республикалық ғылыми-әдістемелік журналының 2019 жылдағы №19 шығарылымын Зауреш Убайдуллақызының шығармашылығы мен жетістіктеріне арналғанын тілге тиек етті.

Зауреш Убайдуллақызын  құттықтаған «Ақтөбе облысының білім басқармасы» ММ, Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басмасының басшылары, шәкірттері мен әріптестері ұстаз-ғалымның өмірі мен қызметінің ерекше есте қалған тұстарын тілге тиек етіп, сый-сыяпаттарын жасады.

Сондай-ақ, белгілі педагог-ғалымның мерейтойына орай ұйымдастырылған  халықаралық конференцияда оның еңбектері сараланып, педагогика  ғылымына қосқан еңбегі айтылды.

Сонымен қатар пленарлық мәжілісте Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, ҚР әлеуметтік ғылымдар Академиясының толық мүшесі, Халықаралық Конкорд Академиясының корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы Қорлан Жампеисова, М.Ломоносов атындағы ММУ профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы  Алексей Боровских, Самара мемлекеттік әлеуметтік-педагогикалық университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты, ҚҚФ білім берудегі АКТ кафедра меңгерушісі Ольга Брыксина сынды педагог-ғалымдардың  баяндамалары тыңдалды.

Пленаралық мәжілісті  қорытындылаған мерейтой иесі Зауреш Имжарова   жиналғандарға  алғысын айтып, жылы лебізін білдірді.

Конференция жұмысы одан әрі 6 бағыт бойынша секциялық жұмыстармен жалғасты.

Айта кетейік, Зауреш Убайдуллақызы Имжарова – 100-ге жуық ғылыми және ғылыми-әдістемелік жұмыстардың (олардың ішінде 13 ғылыми, оқу-әдістемелік, әдістемелік құралдар, 2 монография) авторы.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ» — Кембридж Халықаралық Емтихан Кеңесімен сертификатталған Қазақстан Республикасының Білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру деңгейлік бағдарламасының озық жаттықтырушысы; «Болашақ үшін оқыту» ИНТЕЛ бағдарламасының сарапшысы -халықаралық аға тьютор;   «Оқу және жазу арқылы Сын Тұрғысынан Ойлауды Дамыту», «Дебаттар», «Қадамнан соң қадам» халықаралық бағдарламаларының жаттықтырушысы;  Назарбаев университетінің сарапшысы; инклюзивті білім беру бойынша өңірлік жаттықтырушы; «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ ПШО әзірлеген орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде бастауыш сынып пәндері бойынша педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру білім беру бағдарламасы бойынша жаттықтырушы; халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Zhas Project жастар корпусын дамыту жобасының жаттықтырушы-тәлімгері.