Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ата Заң — жарқын болашаққа апаратын айқын жол

Ата Заң — жарқын болашаққа апаратын айқын жол

Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекетіміздің іргесін нығайтудағы қарышты қадамдардың қалыптасуы мен жаңа жүйенің орнығуына, саясат сахнасында Қазақстан Республикасының қанат жаюы жолындағы бірден-бір бастаушы заң, серпінді сенім, әділет жолын көрсетер мемлекетіміздің Ата заңы, айшықты құжаты. Ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздікке қол жетіп, Егемендігіміздің еңсесі нығайып, көпұлтты Қазақстанымыз көркейіп, ел экономикасы өсіп-өркендеп, халқымыздың әл-ауқаты артып, дамудың даңғыл жолын таңдадық. Қыруар қайратты, еңселі еңбекті қажет етер күрделі де, қиын өмір өткелдерінен өтіп, алуан асуларды, биік белестерді бағындырдық. Елбасымыздың салихалы саясатының арқасында әлем халқын мойындатқан Егемендігі еңселі, Тәуелсіздігі тұғырлы, саяси тұрақтылығы орныққан көпұлтты мемлекетке айналдық.

Ата Заңымызды бұлжытпай орындаудың нәтижесінде Отанымыздың бірлігі нығайып, елдегі тұрақтылық пен татулық орнықты. Ал, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары деп айқындалды. Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдері Конституция қағидаттары төңірегіне топтасты. Еуразияның жүрегіне орналасқан Елордамыз әлемге руханияттың ірі орталығы, саясаттың іргелі ордасы ретінде танылды.

Заңға бағыну – тәртіп, ал тәртіп бар жерде тәрбие, тиянақтылық сияқты адамға тән қасиеттер бар. Сол қасиеттер қоғам дамуына негіз болады. Өз Отанын танып, сүюі, оның заңдарына бағынуы – бұл әр адамның азаматтық жауапкершілігін сезінуі, өз елінің алдындағы азаматтық борышын орындауы. Сондықтан өркендеп дамуымыздың басты құжатына айналған, бүкіл халық болып қабылдаған Ата Заңды құрметтеу біздің міндетіміз әрі парызымыз деп есептейміз.

Мәртебелі мереке баршаңызға құтты болсын!

Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ ректоры Б.А. Ердембеков