Пятница, Январь 18, 2019
Басты > Жаңалықтар > Ғалымға құрмет көрсетілді

Ғалымға құрмет көрсетілді

Бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде техника ғылымдарының кандидаты, доцент Жанаберген  Иманқұлұлы Кузбаковтың 75 жасқа толуына орай «Металлургия және тау-кен ісі» кафедрасының кеңейтілген кафедра отырысы өтті. Кеңес жұмысына мерейтой иесінің шәкірттері және әріптестері   қатысты. 

Мерейтойлық кеңейтілген кафедра отырысында  кафедра меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты Бауыржан Келаманов ғалымның өмір жолы жайындағы баяндамасын жасады. Ол баяндамасында Жанаберген Иманқұлұлының өмірінің әрбір кезеңіне тоқталып, кеңінен баяндады.

Бұдан кейін университеттің стратегиялық  даму жұмыстары жөніндегі проректоры, профессор Қуанышбек Шүңкеев  сөз алып,  мерейтой иесін барша университет ұжымы атынан құттықтады. Университет проректоры Жанаберген Иманқұлұлының еліміздің металлургия саласындағы айрықша еңбегіне тоқталып, ұстаз-ғалымның ізгі қасиеттері мен жемісті еңбектері отбасы үшін ғана емес, өзімен қанаттас жүрген әріптестері мен тілектес дос-жарандары, шәкірттері үшін зор мақтаныш, үлгі-өнеге екенін ерекше атап өтті.

Ғылыми кеңес отырысы барысында ғалымның өзі қызмет атқаратын кафедра ұжымы мен шәкірттері сөз сөйлеп,  мерейтой иесінің ғылымда жеткен жемісті табыстары мен өнегелі істеріне тоқталды.

Өз кезегінде мерейтой иесі Жанаберген Иманқұлұлы осындай бас қосуды ұйымдастырған білім мен өнердің ошағы, қасиетті қара шаңырақ Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің басшылығы мен ұжымына өз алғысын білдірді.

Шара барысында өнер шеберлері концерт қойып, факультет студенттері  өз өнерлерін көрсетті.