Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Білім > Алғашқы ақылы ҰБТ

Алғашқы ақылы ҰБТ

Бүгін Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ базасында өткен ақылы ұлттық тестілеуге 455 адам қатысты. Олардың ішінде 11(12) — сынып оқушылары, сонымен қатар өткен жылдың қыркүйек айында жоғары оқу орнына шартты түрде түскен және шығармашылық мамандықтардан ауысып жатқан студенттер бар.

Ұлттық тестілеу барысын республиканың әр облысынан және республикалық маңызы бар қалалардан келген өкілдерден, министрлік өкілдерінен құралған арнайы комиссия қадағалайды.

Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-нің Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Рауан Жалтырбаеваның айтуынша, заманауи құрылғылар және бейнебақылау камераларымен жабдықталған аудиторияларды ұйымдастырушылар онлайн режимде бақылауда.

Ұлттық тестілеуге жалпы саны — 1141 адам ниет білдірген. Олардың ішінде 635-і Ақтөбе қаласынан болса, 369 адам облыс аудандарынан және 137 жоғары оқу орнының студенттері. Ұлттық тестілеудің екінші легі ертең өтеді, оған 686 адам қатысады деп күтілуде.

Білім және ғылым министрлігінің вице-министрі Эльмира Суханбердиеваның мәлімдеуінше қаңтар айында ҰБТ-дан 35838 бала өтеді.

Ақылы ұлттық бірыңғай тестілеу 2019 жылдан бастап жылына төрт рет (қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айларында) өткізіледі. Қысқы тестілеу 18 – 20 қаңтар аралығында 74 пункт базасында өтеді.

Айта кетейік, ҰБТ-ға қатысу үшін өтініштер 2018 жылдың 1-15 желтоқсан арасында қабылданды.

Білім грантына ие болу үшін талапкерлер ҰБТ-дан маусым айында өтуге тиіс.