Понедельник, Апрель 6, 2020
Басты > БАҚ біз туралы > Архив құжаттары – рухани құндылықтың бастамасы

Архив құжаттары – рухани құндылықтың бастамасы

Қазақ елінің еркін өрке­ниетті даму жолына түскен шағында қоғам өміріндегі күрделі құбылыстармен тығыз байланыста қаралатын өткен тарихи шын­дық­­тарды қалпына келтірудің маңызы артып отыр.

Өткенді білмей тұрып қазіргіні ұғыну және болашаққа көз жіберу мүмкін емес. Соған орай, тарихымыздың тереңіне көз жүгіртіп, халқымыздың басынан өткен небір талайлы кезеңдерді саналы түрде зерттеп-зерделемейінше, өзі­міз­дің бүкіл ұлттық-рухани байлығымызды қайта жаңғыртып, одан әрі дамыта алмаймыз. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық мақаласында «…тарихтың ащы сабағын түсініп қана қоймай, өзіміз күнде көріп жүрген қазіргі құбылыстардан ой түйіп, болашақтың беталысына қарап, пайым жасай білу де айрықша маңызды» деп көрсетуі де бұл мәселенің басымдығын бағамдай түседі.

1997 жылдан бастап зерттеуші-ғалым Қойшығара Салғараұлы Елбасының тапсырмасымен ұлттық тарихымызға байланысты шетелдерден деректер жинақтау мақсатымен Қытай елінің архивтерінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде «100 құжат», «Таным тармақтары», «Көне түркілер» сияқты т.б. бірнеше жинақты құрастырған болатын.

Елбасының 1998 жылды «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп жариялауы тарихи сананы қалыптастырудың бастамасы болып, өткенімізді  танудың сан қырлы бағытта кең өріс алуына жан-жақты жағдай жасаған еді.

Елдің мәдени, архивтік мұрасының сақталуы мен оның тиімді пайдалануын қамтамасыз етуге арналған 2004 жылғы «Мәдени мұра», 2013 жылғы «Тарих  толқынында» бағдарламалары бойынша ұлттық тарихымыздың біраз тұсы түгенделіп қалғандай болды.

Қазақ халқының тарихы әр кезеңде әртүрлі жазылғанын жақсы білеміз. Ағылшындар айтқан екен «..кез-келген халықтың тарихы жаулап алушылармен бағамдалып, солардың мүддесіне сай жазылады» деп.

Сондықтан,  архив құжаттарын ұлттық тұрғыда, обьективті түрде, ғылыми байыппен жан-жақты талдап көрсету арқылы қазақ тарихын жас ұрпақтың санасына жеткізу – кезегін күттірмес маңызды мәселе­лердің бірі болып табылады деп есептейміз.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «…бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр. Сондықтан ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санаймын.  Бұл жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мән беру керек»,- деп атап көрсеткендей, қазақ тарихына байланысты тарихи деректерді жинақтау қазіргі тарихшыларды алдындағы міндет.

Алдағы мақсат, болашақта архив құжаттарының Елбасы атап өткендей,  «тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажет». Себебі, кейбір құжаттардың тозығы жетіп, қолдануға жарамсыз болып қалуда немесе жоғалып кетудің де қаупі бар.

Сонымен қатар, жас зерттеушілерге жан-жақты жағдай жасалынған болар еді. Кез-келген ұрпақ өз тарихымен мақтану керек. Ұлттық рух ұлт тарихын санаға сіңірген кезде пайда болады. Қазақстан тарихының іргелі проблемаларын оқып-үйрену нақты деректік құжаттармен байыпты танысу негізінде жүзеге асады.

Тарихқа үңілсек, кейбір деректер бойынша 1919 жылы ақ гвардияшылар Орынбор, Орал қалаларын тастап қашқан кезеңде өздерімен бірге бірнеше арбаға архив құжаттарын белгісіз бағытта алып кеткен. Сондықтан болуы керек, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві қорында барлығы 1,5 миллион құжат болса, оның ішінде  «Орал облыстық басқармасы» қорында небәрі сегіз-ақ іс (дело) сақталған.

Тағы бір жағдай, 1925 жылы Қазақ АКС-нің астанасы Орынбордан Қызылорда қаласына көшкен кезде, жолшыбай 5 (бес) вагон архив құжаттары да белгісіз себептермен жанып кеткен болатын. Міне, осындай тарихта орын алған жағдайлардың орнын толтыру қиын жағдай.

Біз Қазақстандағы «архив пен музей ісі» тарихын қозғағанда тым шолақ бастаймыз. Көбінесе 1918 жылғы 1 маусымдағы Кеңес өкіметінің декретін арқау қыламыз. Ал ақиқатын айтсақ, олардың 200 жылдық тарихы бар екенін біле бермейміз. Қазақстанда тұңғыш архивтердің пайда болуы Ордадағы Бөкей  мұрағаты тарихымен байланысты болса, алғашқы музей В. Дальдің бастамасымен Орынбор қаласында 1831 жылы ашылған болатын.

Сөз соңында айтарымыз, тарихшылар, ғалымдар мен зерттеушілер Ресей Федерациясының Орынбор, Омбы, Томск, Қазан, Уфа, Астрахань, Санкт-Петербург, Мәскеу қалалары және Өзбекстан Республикасы шаһарларындағы  архивтердегі том-том көне құжаттарды мүмкіндіктіктерді жібермей басын біріктіруі тиіс.

Жас ұрпақ бойына жасанды интеллект емес, тарихи интеллект нышандарын сіңіру керек. Архив құжаттары ұлттық кодтың негізі болып табылады.

Дәулет ӘБЕНОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік

университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты.