Суббота, Июль 20, 2019
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінің 2019 жылғы үздік әдістемелік жобасы анықталды

Жұбанов университетінің 2019 жылғы үздік әдістемелік жобасы анықталды

Бүгін Жұбанов университетінің конференц-залында университеттің Оқу-әдістемелік бөлімінің ұйымдастыруымен «Әдістемелік жобалар -2019» байқауы қорытыланды.

Байқауға қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қабылданған 20 жобаны университет ректоры Бауыржан Ердембековтің бұйрығымен құрылған арнайы сараптау комиссиясы бағалады. «Әдістемелік жобалар – 2019» байқауының сараптау комиссиясының шешімімен 11 жоба байқаудың қорытынды кезеңіне өткен болатын. Байқаудың қорытынды жиынын кіріспе сөзімен ашқан Оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры Бибігүл Әбенова аталмыш байқаудың үздіксіз өткізіліп келе жатқанын атап өтіп, байқауға қатысушы ғалымдарға сәттілік тіледі.

Осылайша жоба қатысушылары әріптестерін өздерінің білім беретін пәндері бойынша қолданатын әдіс-тәсілдерімен таныстырып, тәжірибе алмасты. Оқытушылар сабақ барысында пайдаланатын әдістерін интерактивті тақтада таныстырылым негізінде көрсете отырып, өз жобаларын қорғады.

Байқау нәтижесінде ««Plickers», «Easy Quizzy», «Origin» бағдарламаларын оқу үрдісінде пайдалану тиімділігі» тақырыбы бойынша қорғалған «Физика-математика» факультетінің аға оқытушысы Зухра Аймағанбетованың жобасы үздік деп танылды. Жоба жеңімпазы Зухра Аймағанбетованың айтуынша: «Бұл әдістерді мен оқу процессінде бірнеше жылдан бері пайдаланып келемін. Студенттердің білімдерін тексеруге арналған тесттік сұрақтарды құрастыруға арналған «Plickers», «Easy Quizzy», «Origin» бағдарламаларын тек «Физика» мамандығы бойынша ғана емес, сонымен қатар басқа да мамандықтарда да тиімді қолдануға болады».

Сонымен қатар байқау қорытындысы бойынша «Экономика және құқық» факультетінің аға оқытушылары Нұрсамал Сұлтамұратова мен Самал Тасмағанбетовалардың жобасы 1-орынға ие болса, жүлделі 2-орынға «Дене тәрбиесі және спорт» кафедрасының меңгерушісі Төлеген Ботағариев пен «Педагогика» факультетінің доценті Гүлшат Бахтиярованың жобалары тұрақтады. Әдістемелік жобалар байқауының үздіктер қатарын толықтырған «Педагогика» факультетінің доценті Мейрамгүл Есенгулова, «Жаратылыстану» факультетінің аға оқытушысы Анар Айжарықова және «Экономика және құқық» факультетінің аға оқытушысы Сәуле Игілмановалардың жобалары 3-орынға лайық деп танылды. Байқау тек жүлделі орындармен шектеліп қойған жоқ. Әдістемелік жобалар додасының «Кәсіби педагог» атағын «Педагогика» факультетінің аға оқытушысы Айгүл Рыстығұлова жеңіп алса, «Жаңашыл оқыту» номинациясы бойынша «Тарих» факультетінің оқытушысы Гүлнұр Шумакова жеңіске жетті.

Үздік әдістемелік жобалар байқауы Жұбанов университетінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отырады. Жыл сайын оқу орнының оқытушылары өздерінің кәсіби біліктілігін шыңдап қана қоймай, онымен өз әріптестерімен бөлісуге мүмкіндік беретін мұндай жобалардың көптеп өтетіндігіне дән риза.