Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Өңірдің зияткерлік қорларын біріктіру орталығы ашылады

Өңірдің зияткерлік қорларын біріктіру орталығы ашылады

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Алматы менеджмент университеті және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің басшылығымен кездесті. Әңгіме екі университеттің «Өңірдің зияткерлік қорларын біріктіру орталығын» құру бойынша біріккен жобасы жайында болды.

Жобаның міндеті — өңірлік мамандарды қайта даярлау және оқыту бағдарламаларын жүзеге асыру. Құрылған орталық Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне батыс өңірінде жастар кәсібін дамытудың білім және инфрақұрылымдық қолдауының өңірлік алаңы болуға мүмкіндік береді.

Облыс басшысы атап өткендей, Жастар жылы жүзеге асырылатын жоба ақтөбелік жастар  үшін жақсы серпін болады.  Орталықтың ашылуы өңірлік университетті жаңа деңгейге алып шығады.

«Біздің жоғары оқу орнында тек қазақстандықтар ғана оқымау керек. Әрине, қазірде Ақтөбе университетінде жеті елдің өкілдері оқып жатыр. Бірақ университеттің болашағы зор», — деді Бердібек Сапарбаев.

Жобаға сәйкес Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті өңірдегі 10 мектепті басқаруға алып, мектептерді басқару жүйесін, білім бағдарламаларын жаңғыртудың, мектептердің инновациялық инфрақұрылымдарын жетілдірудің, мектеп директорларын, орынбасарларын менеджментке оқытудың, өңірдегі мұғалімдердің біліктілігін көтерудің білім беру хабын құрады.

Алматы менеджмент университетінің ректоры Гүлмира Қорғанбаеваның сөзінше, біріккен жоба Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық, технологиялық, білім жағынан дамуына қолдау көрсету үшін зияткерлік қорларды біріктіруге бағытталған. Жұмыс жеті бағыт бойынша жүреді.

«Бүгінде Ақтөбе төрт агломерацияның бірі және халық саны әлі де өсетін болады. Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті жастарды тарту орталығына айнала алады. Біз университеттің брендімен жұмыстануда көмектесуге дайынбыз. Ақтөбенің стартап өңір болуға бүкіл келешегі бар. Біздің бұл бағытта тәжірибеміз мол.  Сондай-ақ, біз ақтөбелік мамандарды МВА және DBA бағдарламалары бойынша оқытуға дайынбыз. Әсіресе, денсаулық сақтау саласында. Бізді Ақтөбе өңірі дамуының ресурстық орталығы ретінде қарастырыңыздар», — деді Гүлмира Қорғанбаева.

Бердібек Сапарбаев Өңірдің зияткерлік қорларын біріктіру орталығын құру бастамасын қолдап, бұл кездесудің өзара тиімді серіктестікті дамытуға айтарлықтай серпін беретініне сенім білдірді.

«Арнайы экономикалық аймақ, Ақтөбе қаласының жақындап келе жатқан мерейтойы, сонымен қатар болашақта Ақтөбе агломерациясын құру жобаны жүзеге асыру үшін жақсы алаң болады», — деді жиынды қорытындылаған облыс басшысы.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.