Вторник, Март 19, 2024
Басты > Жастар саясаты > Жұбанов университетінің өңірлік даму орталығы ретіндегі алғашқы қадамы

Жұбанов университетінің өңірлік даму орталығы ретіндегі алғашқы қадамы

Бүгін Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен Алматы менеджмент университеті арасында «Өңірдің зияткерлік ресурстарын біріктіру орталығын» құру бойынша бірлескен жоба іске қосылды. Жоба биылғы 2019  Жастар жылы аясында жүзеге асырылып отыр.

Аталмыш орталық Жұбанов университетіне Қазақстанның Батыс өңіріндегі жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін білім беру және инфрақұрылымды қолдау үшін аймақтық алаң болуға мүмкіндік береді. Орталықты дамытуға университеттің бұрынғы түлектері белсене атсалысуда.

Жобаны жүзеге асырудың алғашқы қадамдарының бірі — Жұбанов университетінде Start Up-Академиясының ашылуы. Бұл жерде университет және өңір студенттерін бизнесті жүргізудегі кәсіпкерліктің қыр-сырына үйретіп, стартап-жобаларды бастапқы идея кезеңінен бастап алғашқы сатылым кезеңіне дейін жеткізу жұмыстары жүргізілетін болады.

Бизнес жобалар Академиясының ашылу салтанатында Жұбанов университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков, Алматы менеджмент университетінің ректоры Гүлмира Құрғанбаева, Ақтөбе облысы бойынша кәсіпкерлік басқарамасының басшысы Анар Даржанова, «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басшысы Берік Нұрғалиев, «Самұрық Қазына» АҚ ФНБ әлеуметтік қарым-қатынас және коммуникациялар орталығының бас директоры Ербол Исмаилов, «Doma Doma Production» дыбыс жазу студиясының лейблін құрушысы Самсон Аракелян қатысты.

Құрметті қонақтарды қарсы алған университет ректоры Бауыржан Ердембеков Жұбанов университеті жанынан құрылған Start Up-жобалар алаңы тек қана жұбановшы студенттердің ғана емес, сонымен қатар бүкіл өңірдің кәсіпкер жастарының басын қосатын алаң екенін алға тартты. «Академияның ашылуы Елбасы жариялаған Жастар жылының басталуымен тұспа-тұс келгендігі жақсы ырымға балап отырмыз. Бұл кішкене ғана алаң — болашақ үлкен идеялардың тоғысатын алаңына айналуы керек» — деді, өз кезегінде Бауыржан Аманкелдіұлы.

Жастар кәсіпкерлігін дамыту және Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойын атап өту аясында университет тарапынан 150 студенттің  Start Up жобаларына қаржылай көмек көрсетілетіндігі туралы да бүгінгі шарада мәлім болды. Сондай-ақ, университет жобаны іске асырудағы маңызды қадамдардың бірі өңірге мамандарды тарту мақсатында, жас ғалымдарға арналған 70 пәтерлік үйдің ашылуын жоспарлап отыр.

Академияның ашылуымен құттықтаған AlmaU ректоры, Жұбанов университетінің түлегі Гүлмира Құрғанбаева: «Біріншіден кәсіпкерлік білім саласына қолдау көрсетіп отырған Жұбанов университетінің басшылығына ризашылығымызды білдіреміз. Өйткені, дәл қазір осы жерде, осы сәтте жастардың ойлау қабілетінің жаңа форматы қалыптасуда. Сіздердің бастамаларыңызды қолдайтын, Сіздердің соңдарыңыздан еретін басқа да жастар табылады. Олар өз кезегінде мыңдаған жаңа компаниялармен, жаңа жұмыс орындарының ашылуына себепкер болады. Қазіргі таңда жаңа идеялар, өнімдер, ресурстардың барлығы адамға тиесілі. Сіздерге үлкен сенім артылып отыр және сіздердің алда болатындарыңызға мен кәміл сенімдімін», —деді.

«Өңірдің зияткерлік ресурстарын біріктіру орталығын» құру бойынша бірлескен жоба мақсаты – аймақтық кадрларды қайта даярлау және оқыту бағдарламаларын іске асыру. Айта кетейік, бұған дейін Жұбанов университетінің оқу орнының бірқатар оқытушылары мен қызметкерлері ХХІІІ AlmaU қысқы мектебінің құрамында біліктілігін арттыру мен даярлау курстарынан өтіп келген болатын. Бұл игі іске де университеттің басшылығы арқау болды.

«Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінетін гранттар саны екі есеге ұлғаятындығы туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының салтанатты ашылуында мәлімдеген болатын. «Осындай бағдарламаларға қатысқан жастарға біз қолдау көрсетуге әркез дайынбыз» — деп, Ақтөбе облысы бойынша кәсіпкерлік басқарамасының басшысы Анар Даржанова Президент бағдарламасын қолдады.

Өз кезегінде «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басшысы Берік Нұрғалиев өзі басқарып отырған басқарма тарапынан жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында банктердің жобаларады жүзеге асыруы үшін арнайы несиелер беру мүмкіндігі бар екенін атап өтті.

Бүгінгі таңда Start Up- Академия құрамында тігін цехы, өсімдіктердің биотехнологиялық зертханасы, киім пішу, мүсін шеберханасы және аспаздық кабинеті жұмыс жасауда. Тігін цехында оқу шеберлері университеттік оркестр құрамы үшін киім үлгілерін даярлап, шеберлік сағаттары мен оқу курстарын жүргізеді. Ал, киім пішу кабинетінде кәсіби-шығармашылық факультеті студенттерінің дипломдық жобалары сақталады. Өсімдіктердің биотехнологиялық зертханасында студенттерөсімдіктердің морфогенезі процесстерін зерттеп, сирек кездесетін және құнды өсімдіктердің клоналды микрокөбеюі мен регенерациясының жаңа тәсілдерін ойлап табумен айналысады. Мүсіндеу кабинетінде қатты не платик өністерінен көлемді формаларды жасау жұмыстары жүргізілсе, түрлі дәмді тоқаштар мен пісірмелер осы жерде орналасқан аспаздық кабинеттен шығатын болады.

Стартап Академиясының ашылуынан кейін «Самұрық Қазына» АҚ ФНБ әлеуметтік қарым-қатынас және коммуникациялар орталығының бас директоры Ербол Исмаиловтің мотивациялық сессия өтті. Сессия спикері ретінде арнайы шақырылқан қонақ «Doma Doma Production» дыбыс жазу студиясының лейблін құрушысы Самсон Аракелян болды.

Сессия барысында студенттер Қазақстанда Big Som атымен белгілі орындаушы Самсона Аракеляның жетістікке жету тарихымен танысқан студенттер де өздерінің бизнес жоблары туралы сөз қозғап, қызықтыратын сұрақтарына жауап алды.

Шара қорытындысында Жұбанов университетінің 4-курс студенті Нұрбол Темірбайдың стартап-жобасы «Облыс әкімінің гранты» байқауына қатысуға жолдама алды. Нұрболдың менторы ретінде «Центркредит Банкі» АҚ Ақтөбе қаласы бойынша басшысы Әсел Шүңкеева тағайындалды.