Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Мәртебелі мереке

Мәртебелі мереке

30 тамыз – Конституция күніне орай қаламыздың Әбілқайыр хан даңғылы бойында «Еркіндіктің асқақ шыңы-Ата Заң» атты ауқымды шара, мерекелік шеру өтті. Бұл күн еліміз үшін мәртебелі мереке екендігі даусыз. Мерекелік концерт басталмас бұрын Орталық стадион алаңынан бастау алған шерушілер облыс әкімдігі алаңына дейін салтанатты түрде жүріп өтіп, жиналған қауымға мерекелік сәлемін жолдады.

Шеруге қаламыздағы барлық медицина, білім саласы, жоғары және орта білім беру мекемелері, банктер, кәсіпорын өкілдері, яғни түрлі кәсіп иелерінен жиналған 12 мыңнан аса ақтөбелік қатысты. Айта кету керек, мерекелік шеруге Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері және белсенді студенттерінен құралған топ атсалысты.

Мерекелік шеруден соң облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтау сөз сөйледі: — Бүгін біз Қазақстанның ұлы, ең басты мерекесін атап өтудеміз. 22 жыл бұрын қазақстандықтар жалпы референдумда Ата Заңымыз – еліміздің Конституциясын қабылдады. Өткен жылдардың ішінде Қазақстанның Конституциясы өзінің өмірлік күшін дәлелдеді. Конституцияның арқасында еліміздің экономикасы дамып, Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлі жылдан жылға артып келеді. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін Ата Заңымыздың арқасында жүзден астам көп ұлттың өкілдері Қазақстанда — бір шаңырақтың астында бір жанұядай тұрып жатыр. Осының барлығы президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының тұрақтылығы мен дұрыстығының айғағы. Мен облыс басшылығының атынан ұлы мерекемен құттықтап, денсаулық пен құт-береке тілеймін. Қазақстанымыз гүлдене берсін!,- деді облыс әкімі.

Мерекелік шараның аясында облыс әкімдігінің алдында сондай-ақ, 50 жұпты бір мезетте салтанатты тіркеу рәсімі де өтті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова әр жаңа отбасыны құттықтап, неке қию куәліктерін табыс етті.

25 жыл отасқан 50 жұп жас жұбайлармен отбасылық өмірдің қыр-сырымен бөлісті. Олардың қатарында үйленгендеріне 65 жыл толуын тойлап жатқан Бақыт пен Ольга Ізбасаровтар да бар. Олар жастарға береке-бірлікті аманаттап, естелік сыйлықтар табыстады. Дәстүр бойынша жас жұбайлар вальс биін билеп, аспанға жүрек тәрізді шарлар ұшырды.

Шара кішкентай бишілердің хореографиялық көріністерімен жалғасты.