Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Елбасы мақаласы насихатталды

Елбасы мақаласы насихатталды

Мемлекет басшысының  «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жарық көрген күннен бастап, түрлі пікірге өзек болуда. Соған орай Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-де Елбасы мақаласын насихаттауға арналған жиын өтті. Оған танымал ақын, жазушы, публицист  Мейірхан Ақдәулетұлы мен білім беру ісінің ардагері Данағали Кенжебаев және университеттің белсенді студенттері қатысып,  Елбасы мақаласында айтылған ойларды саралап, пікірлерін ортаға салды.

Елбасы мақаласына арналған жиынды университеттің Ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров  сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қисынды жалғасы екенін атап өткен проректор Рахым Ағыбайұлы ұлттық болмысымызды сақтап, тарихымызды жаңғырту жайлы сөз болғанда, алдымен жас буынды ұлттық тәрбиемен сусындатуға ерекше көңіл бөлудің мән-маңызына кеңірек тоқталды.

Ал, университеттің Стратегиялық даму жұмыстары жөніндегі проректоры Қуанышбек Шүңкеев Президент мақаласының қазақ халқының терең тарихын түлетіп, оны төрткүл дүниеге дәріптеуге мүмкіндік беретінін атап, университетте жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ, ол биылғы Жастар жылын тілге тиек етіп, университеттегі білім алушыларға жасалатын жағдайларды да атап өтті.

Жиынға қатысқан қонақтар Елбасы мақаласының маңызды тұстарына айрықша тоқталып, ауқымды тұрғыда талдады.

Ұлттың арғы–бергі тарихындағы ерекшеліктері жөнінде әңгімелеген ақын Мейірхан Ақдәулетұлы Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласының заманауи бәсекеге қабілетті ұлтты құрудың негізі екендігіне екпін беріп, онда айтылған мәселелердің елге, халыққа берері мол деді.

Мұнан кейін білім беру ісінің ардагері Данағұл Кенжебайұлы өз ойын ортаға салып, жиналған білім алушыларға тілегін жеткізді. Ол: «Елбасы Ұлы даланың мәдениеті мен әдебиетін, өткені мен бүгінін түйіндеп, ертеңгі жарқын болашақтың өкілдеріне мирас етуші жолды нұсқады. Барша қазақстандықтарға арнайтын жыл сайынғы Жолдауында жастар қамын ұмыт қалдырмайтын ел Президенті «Жастардың терең білімі – жарқын болашақтың кепілі» – деген еді. Сондықтан жастардың жоғары білім алып, келешекте жақсы қызметке орналасып, қоғамның толыққанды мүшесі болуына, дамып, жетілуіне жан-жақты мүмкіндіктер туғызып отырған Жұбанов университетінің жастары  бәсекеге қабілетті білікті маман болатынына сенемін», – деді.

Жиынға қатысқан университеттің Ғылыми-инновациялар департаментінің аға ғылыми қызметкері Бекарыстан Мырзабаев: «Елбасы ұлттық тарихымыз қай бағытта жазылу керектігінің 7 тарауын көрсетіп берді. Біздің бесмыңжылдық тарихымыз Елбасы мақаласында «Атқа міну мәдениеті» тарауында көрсетіледі. Ботай мәдениетінде аттың тұңғыш рет қолға үйретілгендігі, жылқының қымызы мен етін пайдаланғандығын дәлелдейтін деректер шыққан болатын. Айта кетелік, Ботай мәдениеті – Еуразия кеңістігіндегі ең көне мәдениеттердің бірі. Онда 150 мыңға жуық жылқының сүйегі, аттың қолға үйретілгенін дәлелдейтін ауыздық, ер-тұрманның түрлері табылып отыр, – деп түйіндеді өз ойын.

Басқосу соңында сөз алған университет студенттері «Ұлы даланың жеті қырын» тануды өзімізден бастап, оны өзгелерге дәріптеу біздің міндетіміз деп, Жастар жылына  өз үлестерін қосуға сенім білдірді.

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

мемлекеттік университеті