Понедельник, Июнь 1, 2020
Басты > Жаңалықтар > Жұмыспен қамту жастарға жол ашады

Жұмыспен қамту жастарға жол ашады

Жастар жылы аясында және Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына орай  Жұбанов университетінің 4-курс студенттерімен «Тәуелсіз Қазақстан экономикасының қалыптасуы мен дамуындағы жастардың рөлі» тақыбында «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің мамандарымен кездесу өтті.

Кездесуге университеттің химия, биология, дефектология, хореография, шетел тілі, бастауыш және мектепке дейінгі білім беру, әлеуметтік педагог мамандықтары бойынша 120-ға жуық студент қатысты.

Кездесу мақсаты – «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға бағдарламасы аясында жастарды қолдау, тұрақты жұмыстарға, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуіне байланысты бірыңғай жиынтық төлем, мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтер, еңбекпен қамтудың белсенді шараларына тарту, шағын несие алу мүмкіндіктерін түсіндіру.

Айта кету керек, 2018 жылы аталмыш  бағдарлама аясында жұмыспен қамтылған 16975 адамның 8605-і жастар екен. Ал, биылғы жылы 8000 жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Жиынды алғы сөзімен ашқан университеттің Білім беру процесін ұйымдастыру департаментінің директоры Сабырғали Бишекен Елбасының жолдауын ескере отырып, жұмыспен қамту, оның бағыттары, жастар тәжірибесі, қоғамдық тәжірибе мәселелеріне тоқталып өтті.

Кездесу барысында, жұмыспен қамту саласы бойынша ақпараттар беру арқылы, студенттерге кәсіптік бағдарлау, бизнеспен айналысам деушілерге өз кәсібін ашу бойынша және электрондық цифрлық қол қою жүйесі арқылы көрсетілетін қызметтер, қайта даярлау курстары туралы «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ директоры Гүлшат Қаңтарбаева түсіндіру жұмысын жүргізді.

Гүлшат Бақытжанқызы өз сөзінде  Елбасы қойып отырған басты міндет жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты жұмыспен қамту шараларын жүзеге асыру болып отырғанын айтты. Ол жұмыспен қамтылудың қыр-сырымен бөлісіп, бұл мүмкіндік – жас мамандар үшін өзін-өзі жан-жақты дамытуға, биік белестерді бағындыруға, ең бастысы маманданған қоғамның белсенді мүшесі болуға үлкен жол ашатынын атап өтті.

Сондай-ақ, кездесуде  бітіруші түлектерге  электронды еңбек биржасын қолдану мүмкіндіктері түсіндірілді.  Электронды еңбек биржасы — бос жұмыс орындары мен азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін жасалған сандық, ал электрондық еңбек биржасы еnbek.kz интернет-ресурсы негізінде жұмыс істейді.

Кездесу барысында мамандар студенттердің жұмыспен қамту жайындағы сауалдарына жауап беріп, студенттер де өздерін толғандырып жүрген сұрақтарға тиісті жауаптарын алды.

Қорыта айтқанда, университетті бітірген студенттер үшін «қайда жұмысқа орналасамын?» деген сауалдың бірқатар шешімдеріне бұл жиынның септігі тиері сөзсіз.