Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Құрбан айт мүбәрәк болсын!

Құрбан айт мүбәрәк болсын!

Айтулы ұлық мереке Құрбан айттың бірінші күні осы жылы 1 қыркүйек — қасиетті жұма күнімен тұстас келіп отыр.

Аталмыш мерекенің қадір-қасиеті, мәні мен мағынасы барша мұсылманға аян. Құрбан айт — береке мен бірлік, бейбітшілік, игілік, кешірім, мейірім және қайырымдылық, адамдардың жан дүниесін, сана-сезімін, көңілін қуанышқа бөлейтін, кірбіңнен тазалайтын ұлық мереке болып саналады. Ибрахим пайғамбардан бері арада қаншама ғасыр өтсе де, бұл ұлық мейрамның мән-маңызы кемімей, керісінше жыл өткен сайын артып келеді.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз өсиетінде: «Айт күні бірінші орындайтынымыз — намаз оқу», — деген. Айтта мұсылмандардың бір-бірімен татулықтарын арттыруы — мерекенің негізгі сәні. Осы мақсатта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір-біріңе сыйлық беріп, татуласыңдар… Бір-біріңе берген сыйлықтарың — араларыңдағы өшпенділікті жояды», — деп өсиет еткен екен.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті ұжымы атынан барша мұсылман қауымын ұлық мерекемен құттықтаймын! Еліміздегі әрбір шаңырақтың құт-берекесі молая түссін, ниет еткен әрбір мұсылманға сауабы мол болсын!

Университет ректоры Б.А.Ердембеков