Понедельник, Апрель 22, 2019
Басты > БАҚ біз туралы > Болашақ жас мамандарға жол көрсетілді

Болашақ жас мамандарға жол көрсетілді

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде қалалық жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен «Тәуелсіз Қазақстан экономикасының қалыптасуы мен дамуындағы жастардың рөлі» тақырыбында кездесу өтті.

Жастар жылыжәне Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған кездесуге Ақтөбе қалалық білім бөлімінің мамандары мен университеттің еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарының 4-курс студенттері шақырылды.

Қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы Гүлшат Қаңтарбаеваның айтуынша, кездесудің негізгі мақсаты — жұмыссыздықтың алдын алу, болашақ жас мамандарға мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіре отырып, мемлекет тарапынан көрсетілетін қызмет түрлерін таныстыру.

— Жастар жылы аясында біздің орталық тарапынан көптеген шаралар, түрлі кездесулер өткізу жоспары құрылды. Орталық мамандары жыл бойықаламыздың барлық арнаулы және жоғары оқу орындарында оқып жатқан студенттермен  кездесу өткізетін болады.Болашақ жас мамандарға  «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы жөнінде кеңінен мәлімет беріліп, шағын несие алу мүмкіндіктері таныстырылады, — дейді Гүлшат Қаңтарбаева.

Өткен жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында жұмыспен қамтылған 16 975 адамның  8 мыңнан астамы — жастар. Биыл да 8 мың жасты жұмыспен қамту жоспары тұр.

— Жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен өткен кездесуден көптеген мәлімет алдым. Мұндай кездесудің кез келген болашақ жас мамандар үшін берері мол. Бұл жерде әрбір жас өзіне керекті ақпаратты ала білді деп ойлаймын. Оқу бітірген соң жас маман қайда баруы керек, қандай құжаттарды қайда тапсырулары тиіс деген секілді сан сұрақтың жауабы айтылды, — дейді университеттің бастауышта оқытудың теориясы мен әдістемесі мамандығының 4-курс студенті Сымбат Әбдіқалықова.

Айта кетейік, орталықтың студенттермен кезекті кездесуі ақпан айына жоспарланған. Ол М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде өтеді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ