Вторник, Март 19, 2024
Басты > Жастар саясаты > Жастарды кәсіпкерлікке ынталандырды

Жастарды кәсіпкерлікке ынталандырды

 «Жастар жылы» аясында және жастарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында Қалалық кәсіпкерлік бөлімі, «Атамекен» ӨКП, қаржылық институттар және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың  құралдарын түсіндіру бойынша Жұбанов университетінің Стартап академиясында кездесу өтті.

Шараның  мақсаты — жастарға Елбасының кәсіпкерлік саласында қойған бастамалары мен мақсаттарын орындауда қолдау көрсету және кәсіпкерлікті жүргізу үшін пайдалы ақпарат беру.

Студенттермен кездесу барысында «Атамекен» облыстық кәсіпкерлік палатасының «Бастау» жобасы бойынша бизнес-тренері Ербол Шыма аталмыш жобаның негізгі бағыттары мен ерекшеліктерін түсіндірді. «Қазіргі уақытта жастарды бизнес саласына тарту өте маңызды. Себебі, бұл жолда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы жұмысты жүзеге асыруға болады. Бүгінгі таңда әсіресе ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуды және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуды көздейтін «Бастау» бизнес жобасы іске асырылып жатыр. Аталған жоба арқылы әрбір азаматқа жеке кәсібін ашып, оның дамуына жағдай жасалуда» — деді, ол.

«Даму» қорынан несие алып, кәсіп бастағандардың бірі  — Ақтөбелік жас кәсіпкер Ерлан Асанов бизнес бастап, алты жыл ішінде үш жобаны жүзеге асырған. Өз кезегінде жас кәсіпкер өзінің бизнестегі тәжірибесімен бөлісті. Кездесу барысында кәсіпкер өз кеңестерін беріп қана қоймай, бизнесін бастау тарихымен бөлісті.

Сондай-ақ, шара барысында студенттерге жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған мемлекет тарапынан ұсынылып отырған бағдарламалар мен мүмкіндіктер туралы ақпарат берілді.

«Даму» Қорының кеңесшісі Жәнібек Құдашов студенттерге кәсіпкерлікті ашу және тиімді жүргізу, қаржылық сауаттылық, бизнес-жоспардың жасалу жолдарын түсіндірді.

Өз кезегінде Ақтөбе қаласының  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ММ маманы Гүлзабира Бисембаева «Нәтижелі жұмыспен қамту  және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» аясында қамтылған жастар туралы баяндама жасады.

Кездесуде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының өкілі  Нұргүл Нұрғалиева студенттерге  несие алудың  талабын түсіндіріп, «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы арқылы 500 мыңнан 3 миллион теңгеге дейін алты пайыз үстемемен несие беріледі. Қаржыны алған азамат оны төрт жарым жылда қайтаруы тиіс. Несие  дүкен ашудан басқа бизнестің барлық түріне беріледі. Мәселен, наубайхана, монша, шаштараз ашуға немесе мал шаруашылығымен айналысуға болады. Несие алу үшін азамат жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, өтініш береді» — деді.

Қонақтар  мен жастар арасындағы кездесудің соңы еркін сауалдар қойып, пікір алысу түріне ойысты.