Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Білім > Білім алаңындағы – Білім мерекесі

Білім алаңындағы – Білім мерекесі

Міне, 2017–2018 жаңа оқу жылы да басталды.  Бүгін кең байтақ Қазақ елінің барша мектептері мен жоғары оқу орындарында Білім күні кеңінен аталып өтуде. Бүгінгі күннің басты кейіпкерлері – бірінші сыныпқа барған бүлдіршіндер мен жоғары оқу орындарының табалдырығын аттаған 1 курс студенттері.

2017 жылдың қыркүйек айының 2 күні Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-нің Білім алаңында 1 қыркүйек – Білім күніне орай 2017 жылдың жас талапкерлеріне арналған салтанатты мерекелік шара өтті.

Жиынға  университеттің биыл 1 курсқа қабылданған студенттері, олардың ата-аналары мен жақындары, университетіміздің профессорлық-оқытушылық құрамы, университет түлектері мен университет басшылығы жиналды.

Салтанатты шара университет студенттерінің флешмобымен ашылды, одан соң  Қазақстан Республикасының Гимні орындалды.

Университет ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор  Ердембеков Бауыржан Аманкелдіұлы шараға қатысушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, өз сөзінде: «Құрметті әріптестер, студенттер мен ата-аналар!  Білім күні баршаңызға құтты болсын! 80 жылдан астам тарихы бар Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті білім мен ғылымға ұмтылған жас Жұбановшылар үшін өз есігін айқара ашты. Бүгін оқу ордамыздың білім алушылар қатары 4000 мыңдай жаңа буын студентпен толықты», — дей келе, оқуға қабылданған студенттерге жақсы оқулары үшін университетте барлық мүмкіндік пен жағдайдың жасалғанын айта келіп, ақ жол тіледі. Сондай-ақ, университетке 4 мыңға жуық талапкерлердің қабылданғанын тілге тиек етіп, осы жұмысты ұйымдастыруда атсалысқан Маркетинг орталығы мен Кәсіби бағдар беру жұмысын жүргізу бөліміне және қабылдау комиссиясы хатшыларына арнайы  алғысын жеткізді.

Одан соң «Қабақ Баба» қоғамдық қорының төрағасы Амантай Үмбетай  сөз сөйлеп, өз кезегінде университет басшылығына алғыс айтып, жастарға жүрекжарды тілегін жеткізді. Сонымен қатар, Қабақ Айтұлы атындағы арнайы стипендияны университеттің филология факультетінің 3 курс студенті Назым Аблақоваға табыстады.

Шара барысында Қазақстанға белгілі дәстүрлі әнші, термеші Өмірқұл Айниязов  «Байтақ ел», «Мерекем» әндерінен шашу шашып, көпшілікті тәнті етті… Университеттің тарих факультетінің 4 курс студенті, Республикалық пәндік олимпиадалардың жеңімпазы Нұрсұлтан Атаниязов сөз сөйлеп, дәстүр бойынша 1 курс студенттеріне салтанатты түрде «Білім кілтін» табыстады. Бұдан соң университет түлектері ән шырқады. Кәсіби-шығармашылық факультетінің студенттерінен құралған бишілер тобы биден өнер көрсетті.

Ақтөбе қаласына белгілі өнерлі жұп, университет түлектері Дулат, Рита Айтжановтар Орал Байсеңгірдің сөзіне жазылған Дулат Айтжановтың «Сағыныш сазы» әнін шырқады. Салтанатты шара кезінде кешті жүргізушілер жиналған көпшілікке университеттің басшылары мен әр факультетінің декандарын таныстырып, факультет туралы қысқаша мағлұмат беріп өтті.

Университеттің Баспасөз қызметі бөліміне сұқбат берген университеттің физика-математика факультетінің «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының 1 курс студенті  Манар Әбдрахманова: «Біз осы жерде жақсы білім алып, өмірден өз орнымызды табатынымызға сенемін. Осы университетті аяқтап, қызметінде абыроймен елге танымал болған көптеген адамдарды білемін. Алдағы уақытта біз де сондай аға-апаларымыздың жолын қуып, белсенді студенттер қатарынан табылып, Жұбанов университеті абыройын асқақтатуда өз үлесімді қосу үшін бар күш жігерімізді жұмсайтын боламыз. Мен дұрыс таңдау жасағаныма сенімдімін, сондықтан өз қатарластарыма сәттілік тілеймін!», —  дейді.

Салтанатты шараны көкке ұшырылған түрлі түсті шарлар көріктендіре түсті. Шарлардан жазылған «ARSU» сөзі жиналған жастардың жүрегінде «Мен Жұбановшылар қатарынанмын» деген мақтаныш сезімін оятқаны сөзсіз.