Суббота, Февраль 23, 2019
Басты > Жаңалықтар > Ауған соғысы ардагерлерімен кездесті

Ауған соғысы ардагерлерімен кездесті

15 ақпан — КСРО әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне орай Жұбанов университетінде «Отты жылдар естелігі» тақырыбында ардагерлермен кездесу кеші өтті. Жиынды университеттің кәсіби-шығармашылық факультеті ұйымдастырды.

Университет ұжымы мен студенттерден жиналған аудитория Ауған соғысы ардагерлерін үлкен ілтипатпен қарсы алды.

Жиынға сұрапыл соғысты басынан өткерген Ауған соғысы ардагерінің төрағасы Аслан Балкасынов, ауған соғысы ардагері Серік Тайкенов қатысып, интернационалдық жауынгерлердің ауған соғысында болған қайғылы жайлары, қаза болған боздақтар жайлы өз естеліктерімен бөлісті.

Кездесуде Ауған соғысы ардагерінің төрағасы Аслан Балкасынов естеліктерімен бөлісіп, елімізде жақсылық пен бейбітшілік болуын тіледі.  Ал, Серік Қабенұлы өз кезегінде: «Соғыстың зардабы қандай болатыны әлі күнге көз алдымда. Сол бір ауыр жылдарды есіме ала отырып, бүгінгі біздің бейбіт те тыныш қоғамымызға қарап шүкір деймін. Мұның бәрі Елбасының сарабдал саясаты мен ел басқарудағы көрегендігінің арқасы. Сондықтан қазақстандық арманның орындалуы жолында аянбай еңбек етуге тиіспіз»,— деді. Сөз соңында Серік Тайкенов Қазақстаннның болашағы жастардың қолында екенін түсіндіріп, отансүйгіштік қасиеттерді үлгі етті.

Кездесуге  қатысқан ардагерлер ерліктері туралы баяндап, жастарды өз Отанын сүюге, өз елінің патриоты болуға шақырды.

Қонақтардың айтуынша, студенттерді аға ұрпақтың жауынгерлік қасиеттеріне сай тәрбиелеу, ерлік жəне батырлық жайлы өлең оқу жастардың Отанға, туған жеріне деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін қалыптастырады. Соғыс майталмандары болашақ Отан қорғаушыларға батыл, ержүрек, тапқыр жəне ең бастысы Отанға адал болуларын тіледі.

Кездесуді ұйымдастырушылар осындай тағылымы мол кездесулердің дәстүрлі түрде өтетіндігін айтты және шақырылған қонақтарға факультет  өнерпаздары ән-күй ұсынды.

Жиын соңында факультет деканы Сабыржан Мұхтаров ардагерлерге өзінің және көпшілік атынан алғысын айтып, сый-сыяпаттарын тапсырды.