Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университет жастары дөңгелек үстелде бас қосты

Университет жастары дөңгелек үстелде бас қосты

Жұбанов университетінде «Жастар жылы» аясында жас ғалымдар, магистранттар мен докторанттар арасындағы ынтымақтастық байланысты нығайту мақсатында «Педагогика және психология «кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы Жандарбек  Иманчиевтің және университеттің Ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен әлемге танымал Стивен Р. Ковидің «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» кітабын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.

Жиынды ашқан шара ұйымдастырушы Жандарбек Ермекұлы: «Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жүзеге асып жатқаны белгілі. Жобаның мақсаты – гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әр түрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау», — деп, жастардың жаппай компьютерлік технологиямен әуестенуі кезеңінде рухани мұрғаттар мен құндылықтарды өркендету және әдеби көркем шығармашылыққа қызығушылықты қайта қалпына келтіру өзектілікті қажет ететіндігін атап өтті.

Одан кейін облыстық «Рухани Жаңғыру» кеңесінің үйлестірушісі, доцент Дәулет Әбенов   дөңгелек үстел жұмысына сәттілік тілеп, жастарды кітап оқуға шақырды.

Дөңгелек үстелге қатысқан «Педагогика және психология мамандығының» 1-курс магистранты Райбек Сағадатов  кітаптың тілі жатық, оқуға жеңіл екенін тілге тиек етіп, автордың жеке тұлға­ның дамуына, қалыптасуына бағыт-бағдар беретін 7 дағдыны атап көрсетті.

Дөңгелек үстелді қортындылаған университеттің Ғылыми кітапханасының директоры Лия Мазылбекова: «Стивен Ковидің «Жасампаз жан­дардың 7 дағдысы» (7 Habits Of Highly Effective People) еңбегі – әлемнің 40 тілінде 30 миллион данамен таралған жеке тұлғаның дамуы туралы танымал кітап. 70-тен аса елде 13 рет қайта басылып шыққан. Тұңғыш басылымы 1989 жылы жарық көрді. Жетістікке жетуд­ің әдістемесін ұсынған №1 әлем­дік бестселлер болып есептеледі», — деді.

Сөз соңында ол жиынға қатысушыларды ғылыми кітапханаға жиі келіп тұруға шақырды.