Суббота, Февраль 23, 2019
Басты > Жаңалықтар > Мега жоба жоспары талқыланды

Мега жоба жоспары талқыланды

Жұбанов университетінің  Ғылым кеңес залындағы бүгінгі жиын «Жұбановтар шаңырағы» мега жобасының жоспарын талқылауға арналды.  Оған  Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының,  А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің, Өнер орталығының, «Жұбановтар әлемі» мәдени орталығының, Мұғалджар ауданы Жаңа Тұрмыс негізгі мектебінің, Қ.Жұбанов атындағы орта мектептің және А.Жұбанов атындағы орта мектептің, А.Жұбанов атындағы балалар саз мектебінің, Ембі қаласындағы Ағайынды Жұбановтар мұражайының  басшылары шақырылды. Сондай-ақ, жиынға университеттің құрылым басшылары мен факультет декандары қатысты.

Жиынды ашып сөз сөйлеген университеттің Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Нұржан Бердыбаев: «Елбасымыз Қазақстан халқына Жолдауында 2019 жыл  «Жастар жылы» деп жариялағаны бәрімізге белгілі. Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде жастардың тәрбие мәселелсіне көңіл бөліп, оларды өмірге бейімдеудің берері сол екенін айтқан болатын. Сондықтан білім берумен бірге өскелең ұрпақтың  тұлға болып қалыптасуына, олардың бойына дұрыс құндылықтарды сіңіруге бағытталған жұмыстар жасалу керек деп ойлаймын. Соған сай өңірде бірқатар шараларды өткізу жоспарланып отыр. Осы жоба аясында бүгін Жұбановтар есімін иеленген шаңырақ өкілдерінің басын қосып отырмыз», — деді.

Одан кейін сөз алған Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің директоры Қарлығаш Сатыбалдина «Ақтөбе қаласының 150 жылдығы», «лингвист-ғалым Құдайберген Жұбановтың туғанына 120 жыл»,  «Жастар жылын» іске асыру шеңберінде асырылатын  шаралар жоспарымен таныстырып өтті. Қарлығаш Тұратайқызы аталмыш мега жобаның жоспарын талқылап жеткізіп, барынша жұмылдыруға бағытталған осы шараның берері көп екендігін тілге тиек етті.

Аталмыш мега жоба ұйымдастырушылары ойларын ортаға салып, олардың пікірлері тыңдалды.  Онда олар  «Жас Жұбановшылар байқауын» ұйымдастыру, «Есет Жұбановтың 90 жылдығын атап өту, студенттердің республикалық айтысын ұйымдастыру, Ақтөбе қаласындағы №38 орта мектепке Есет Жұбановтың есімін беру, Ағайынды Жұбановтар көшесінде жәрмеңке ұйымдастыру, Ақырап Жұбановтың есімін насихаттау, Жұбановтарға арналған  деректі фильм түсіру, аллея ашу, спорттық жарыстар ұйымдастыру, мектеп оқушылары үшін ғылыми сайыстар мен олимпиадалар ұйымдастыру, «Жұбанов кітапханасы» сериясын жалғастыру (жинақтар шығару) және әлемге әйгілі дирижер, Ахмет Жұбановтың шөбересі Алан Бөрібаевты туған еліне шақыруға жағдай жасау сынды ұсыныстарын айтып, аталмыш жобаны қолдайтындарын жеткізді.

Жиын  қорытындысында Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Нұржан Бердыбаев ұйымдастырушылар алқасына  аталған бағыттар бойынша жұмысты жандандыруды тапсырып, бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

Аталған ұсыныстар жинақталып,  жоба жоспары жасақталатын болады.